Әли Серік муайтайдан ересектер арасында Әлем чемпионы атанды

07.06.2022 23:32

Алматылық жас спортшының негізгі мақсаты – 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға қатысу

Небәрі 17 жастағы Әли Серік муайтайдан ересектер арасында Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Ол Абу-Дабиде өткен жарыста жасы өзінен әлдеқайда үлкен қарсыласынан басым түсті. Алматылық спортшы қазір елге оралып, алдағы емтиханға дайындалып жатыр.

Көпбалалы отбасынан шыққан жас спортшы муайтаймен 10 жасынан бері айналысады. Биыл мектеп бітіріп, студенттік өмірге аяқ басқалы тұр. Ұстаздары оның қарапайым әрі сабақта тәртіпті, еңбекқор екенін айтады. Сондықтан бапкерлері Әлидің болашағынан үміт күтеді.  

«Әли - біздің мақтанышымыз. Жас болса да біраз белесті бағындырып үлгерді. Бұл көптің қолынан келе бермейді. Менің жанымда 7 жылдан бері дайындалып, тәжірибе жинақтады», – деді Әлидің жеке бапкері Рамис Габитов.

«Әли спортқа көп көңіл бөледі. Өзінің бауырларына қамқор. Үлкенді де, кішіні де сыйлай білетін бала», – деді С. Көпбаев атындағы № 186 ЖББ мектеп директоры Гүлжазира Раева.

Әли Серік – өзінің кәсіби мансабындағы алғашқы әлем чемпионатында топ жарған санаулы спортшының бірі. Ол бірінші кездесуінде өзбекстандықтан айласын асырып, ұпай санымен жеңіске жетті. Жартылай финалда әлемнің 2 дүркін чемпионы тайланд спортшысын жарыс жолынан шығарды. Ал ақтық кездесуде 36 жастағы Иран өкілінен басым түсіп, 51 келі салмақта топ жарды.

«Алда Қазақстан чемпионаты мен студеттер арасында Әлем чемпионаты өтеді. Енді соған қатысу үшін дайындаламыз. Әрі қарай да жоспарым өте көп», – деді Муай-тайдан әлем чемпионы Әли Серік.

Ал анасы Ақмарал Табысбекқызы – 10 бала тәрбилеп отырған батыр ана. Ұлым Әлем чемпионы болды дегенді естігенде көз жасыма ерік бердім дейді.  

«Кішкентайынан бұл спортқа әкелері жетелеген. Ағасы бар Нұрдос деген. Үйде осы 2 ұл. Сол 2 ұлдың спортына әкелері себепкер негізі. Әкесіне рақмет айтса болады», – деді Әлидің анасы Ақмарал Табысбекқызы.

Айта кетейік, муай-тай олимпиада құрамында бар спорт. Әлидің негізгі мақсаты 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға қатысып, төрт жылдықтың басты додасында топ жару.

Мерей Қанапиянов, Алима Бақытбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы