Белорусьтен келген Басмал дәрігері Ольга Гробер жылқылардың бүгінгі жай-күйін, қойылатын талаптарды түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, бірінші кезеңнен кейін кейбір жылқылардың денсаулығында кінәрат байқалған.
«Біз толық тексеру жүргізіп, медициналық көмек көрсеттік. Марафон-бәйгенің бірінші күні 6 ат, екінші күні 3 атта жайсыздық байқалды. Ауыртпалықты көтере алмады. Өйткені аттар ұзақ қашықтыққа жүреді. Осы аралықта су ішпесе, ат терлейді. Ағзада суйықтық, тұз мөлшері қатты төмендеп кетеді. Су бермей жүре берсе, қан қоюланып, улы заттар бөлінеді. Одан аттардың ағзасы уланады, міне содан кей аттар ақсап жатыр. Оның үстіне ұзақ қашықтыққа үйренбеген болса, олай бұлай болып кетуі де ғажап емес. Шабандоздарға суарыңдар деп айтып жатырмыз. Өйткені аз қашықтықты бағындыру кезінде су беруге болмайды. Ал бұл жерде 600 шақырымды еңсеру үшін ақырын жүріп отыру керек. Ондайда су беру өте маңызды. Біздің мақсатымыз – аттардың саулығы. Таңертең бәйге басталмай жатып, аттардың жай-күйін тексереміз. Бірінші 50 шақырымды бағындырған соң толыққанды медициналық тексеруден өтеді. Жүрек соғысының жиілігі секундына 64-тен жоғары болмауы керек», – деді Ольга Гробер.
Қазіргі таңда Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының командасында жылқының денсаулығы жақсы. Жалпы 50 пайызы өте жоғары болса, қалғаны жаман емес. Аттардың бәйгені тоқтату-тоқтатпауын бір ғана ветеринар шешпейді. Алдымен тексеру жүргізіледі. Бір ветеринар жарысты жалғастыруға жарамсыз десе, екі әріптесін шақырып, ортақ шешімге келеді.
«Қарағанды облысының 2 аты ақсап, жүре алмай қалды. Себебі ауыртпалықты көтере алмады, оның үстіне шабандоздар су бермеген. Бір аттың денсаулығына қатысты күмән туса, шабандозқа, жоба жетекшісіне хабарлаймыз. Жарысты жалғастыратынын айтып, қайғылы жағдай орын алса, өздері жауапкершілік алатыны жайлы қолхат жазып береді. Ондай жағдай болды, 50 шақырымды еңсергеннен кейін шабандоз айтқандай расымен атының денсаулығы жақсарып кетті. Өйткені атын иесінен артық түсінетін адам жоқ. Оны да еңсереміз. Бірақ, әрине ауырып тұрған ат бірден жарыстан шығарылады. Келесі, егер аттар діттеген жерге жете алмай, жарты жолда тоқтап қалса, ұйымдастырушылар аттарды арнайы көлікке салып, бивактарға әкеледі. Одан соң алғашқы көмек көрсетіліп, бірден астанаға жөнелтіледі. Берілген шақырымды бағындыра алмаса, сәйкесінше жарыстан шығады», – деді бас ветеринар.
Қарағанды облысының жедел жәрдем қызметкері Руслан Қайкен марафон-бәйгеге қатысушыларына жауап береді. 19 қыркүйекте керуен Қарағанды облысына кіргеннен медицина қызметкерлері қатарға қосылды. Екі жедел жәрдем көлігі бар, әрқайсында 1 фелдчер мен дәрігер бар. Сонымен қатар Нұра ауданының бір жедел жәрдем көлігі де жүр. 24 сағат бойы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жоба қатысушыларына қызмет көрсетеді.
«Бас ауру, дене қызуы көтерілу бойынша жүгініп жатыр. Барлығының жағдайы жақсы. Нашар болса алғашқы көмек көрсетеміз, болмаса ауданға апарамыз. Бір көлік шабандоздармен бірге алда жүреді. Екінші көлігіміз соңғы кетіп бара жатқан шабандоздың артынан еріп жүреді. Жолдың ортасында Нұра ауданының жедел жәрдем қызметкерлері жүр. Яғни, шабандоздардың денсаулығын толыққанды бақылауда ұстап отырмыз», – деді Руслан Қайкен.
Қарағанды ұлттық ат спорты федерациясының Президенті әрі Қарағанды құрамасының жетекшісі Нұржан Шайхин аттарының не себепті бәйгеден шеттетілгенін түсіндірді.
«Көбінде дайындық жоқ. Бұрын соңды болған емес. Күнделікті 100 шақырымға шыдай алмай жатыр. Марафон-бәйге болатынын 2 ай бұрын ғана білдік. Сондықтан дайындалып үлгермедік. 2 атымыз жарыстан шықты. Өзіміз бас тарттық. Ветеринарлар жарамайтынын айтты, біз келісіп, шығардық. Ақша үшін қатысып жатқан жоқпыз, аттың денсаулығы – бірінші орында. Бір жыл бұрын айтылса, бұлай болмас еді. Ақтөбе облысының құрамасы жақсы дайындалған. Біздің жігіттер жылқышылар. Орта жолда жылқыларға су бермедік, шомылдырмадық. Өйткені білмедік. Негізі, 25 шақырымнан кейін су беру керек екен. Ветеринарлар кеңестерін айтып жатыр. Ерте білгенде нәтижеміз жоғары болатын еді. Жалпы кез келген атты ұстап алып, жарысқа қатыстыруға болмайтынын білдік. Оған 1 жылдық дайындық керек екен», – деді Нұржан Шайхин.