Түркістан облысында көшеде кортеж жасап, жұрттың мазасын алған көлік жүргізушісі жазаланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол жарықшамдар жағып алып, қатты сигнал беріп қана қоймай, нөмірсіз емін-еркін жүре берген. Тіпті қарсы қозғалыс жолағына да өтіп, ереже бұзған. Бірақ бұзақы көп ұзамай ұсталды. Жас жігіттің Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Күдіктіден жарық және дыбыс сигналдарына арналған құрылғы тәркіленіп, көлігі тұраққа алынды. Ал жүргізуші кінәсін мойындады.
«Кортежде жүрдім. Жол ережесін бұздым, мойындаймын. Алда қайталанбайды», – деді күдікті.
«Аталған көлік Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлерімен бірден анықталып, ұсталды. Көлік жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік кодексіндегі 3 бірдей баппен шара қолданылды. Автокөлік тұраққа қойылды», – деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдіжаппарова.