Алматыда бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері марапатталды

19.11.2021 00:13

Спортшыларымыз Сербияда өткен байрақты додада сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте 2-орын алған болатын

Almaty.tv

Алматыда бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Спортшыларымыз Сербияда өткен байрақты додада сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте 2-орын алған болатын. Ел мерейін асырған отандастарымызды қолдау мақсатында Федерация президенті Кеңес Рақышевтің бастамасымен қаржылай серфикаттар табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Белград шаршы алаңында оза шауып, ел намысын қорғаған боксшыларымызды марапаттау үшін аталмыш спорттың өкілдері бас қосты. Салтанатты шарада әлем чемпиондарына 70 мың доллар табысталса, күміс жүлдегерлер 50 мың, үздік үштіктен көрінгендер 30 мың доллардың сертификатын иеленді. Одан бөлек, ұлттық құрамада өнер көрсететін әр боксшы мен жеке жаттықтырушылары да марапаттан тыс қалмады.    

«Токиода кеткен есемді қайтарайын, еліме алтын сыйлап, Қазақстан әнұраны шырқалса деген мақсатпен бардым. Аллаға шүкір, мақсатыма жеттім. Еңбегіміз өз нәтижесін берді. Қазақстан халқы мен жанкүйерлеріне тек алғыс айтамыз», – дейді бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.

Бүгінде ұлттық құрама сапында жұдырықтасатын боксшыларымыздың 80%-ы – жас спортшылар. Яғни, бәсекелестік күннен-күнге өсіп жатыр. Мамандар сол себепті қазақ боксының жеңісті күндері әлі алда екенін айтады.

«14-24 желтоқсан аралығында Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Ал 20-30 қаңтар аралығында Ташкент қаласында 19 және 22 жас арасындағы Азия біріншілігі өтеді. Балаларды іріктеп, соған дайындаламыз», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 2 алтын, қос күміс және 1 қола еншілеп, командалық есепте 2-орынға тұрақтады.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы