Медаль жеңіп алған жағдайда, қаражат ҚР Мемлекеттік резервінен төленеді
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Бейжіңде өтетін XXIV Қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада жүлде алған спортшыларға қанша сыйақы берілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жүлделі орын алған олимпиадашылар мен паралимпиадашылар (1-6 орын) ақшалай сыйақы алады. Заңда қарастырылғандай, жеңіп алған медальдарға қарай пәтер де бөлінеді. Бірінші орын үшін – 250 мың доллар, одан кейін – 150 мың және 75 мың доллар сыйақы бекітілген. Медаль жеңіп алған жағдайда, бұл қаражат ҚР Мемлекеттік резервінен төленеді», - деді Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Брифинг барысында вице-министр паралимпиада ойындарында дайындық туралы айтып берді.
«Паралимпиадашыларға олимпиадашылар сияқты бірдей көңіл бөлу керек. Олимпиадашыларды шығарып салу кезінде Президенттің қабылдауында екі паралимпиадашы болды. Паралимпиада ойындарында спортшыларымыз бірнеше есе аз – оған 4 адам ғана қатысады,оның екеуі шаңғы спортында және екеуі биатлонда. Дайындық қызу жүріп жатыр. 5-25 ақпанда спортшылар оқу-жаттығу жиынына – «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніне барады. Паралимпиада комитетімен барлық мәселелер пысықталды. Олардың саны әлдеқайда аз болғандықтан, бар мәселе жылдам шешіледі. Біз оларға сәттілік тілейміз», - деді С. Жарасбаев.