Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді

14.12.2021 23:48

Ол Алматыда өткен жекпе-жек кешінде Ұлыбританиялық спортшыдан басым түсіп, WBA Gold белбеуін иеленді

Фото: olympic.kz

Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол Алматыда өткен жекпе-жек кешінде Ұлыбританиялық спортшыдан басым түсіп, WBA Gold белбеуін иеленді. MTK Global Kazakhstan  менеджерлік компаниясы ұйымдастырған жарысқа барлығы 30 боксшының қатысуымен 15 кездесу өтті. Олардың арасында Сұлтан Зауырбек сынды былғары қолғап шеберлері бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

      

Алматыда кезекті бокс кеші өтті. Бұл күні шаршы алаңға ел атынан Талғат Шайкен, Нұртас Әжбенов және Сұлтан Зауырбек секілді спортшылар көтеріліп, қарсыластарынан басым түсті. Ал кештің басты жекпе-жегі Қамшыбек Қоңқабаев пен британдық Стивен Уордтың арасында өтті.

Стивен Уорд осыған дейін 13 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіліс тапқан. Қамшыбек соған қарамастан алғашқы минуттардан-ақ қарсыласын ауыр соққының астына алып, 5-раундта нокдаунға түсірді. Британдық спортшы алған бетінен қайтпай жарысты жалғастырып еді, алайда 7-раундта жарақат алып, жұдырықтасудан бас тартты. Осылайша, отандасымыз кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін сәтті аяқтап, WBA Gold белбеуін иемденді.  

«Қарсылас жаман емес. Бәрі Алланың қалауымен. Осылай аяқталғанына шүкір деймін. Қарсыласты да қатты жарақаттамай, осылай болғаны біз үшін жақсы болды деп ойлаймын», – деді кәсіпқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

Одан бөлек, Қамшыбек Қоңқабаев бұл жеңісін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап, қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады. Ал кеш ұйымдастырушыларың ендігі мақсаты – боксшымызға алдағы уақытта қолдау білдіріп, кәсіпқой бокста қазақтан бесінші әлем чемпионын шығару.

«Қамшыбек екеуіміз Жаңа жылдан кейін Америкаға барсақ деп жоспарлап отырмыз», – деді MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының президенті Асқар Салықбаев.

«Тәуелсіздіктің құрдасымын, Аллаға шүкір. 30 жылда қандай күшті ел болдық. Құдай қаласа болашақта бұдан да көркейіп, дамимыз. Бұған күмәнім жоқ», – дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

Айта кетейік, Қамшыбек Қоңқабаев – әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүрген санаулы спортшының бірі.

Мерей Қанапиянов, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы