Полторанинді жарыстан шығару үшін әдейі тұтқындауы мүмкін – Сәпиев

28.02.2019 23:50

Спортшыны байрақты жарыстың басталуына 1,5 сағат қалғанда австриялық полиция ұстап әкеткен

Алексей Полторанинді жарыстан шығару үшін, қасақана тұтқындауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Полторанин – Австрияда өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын жүлдесіне бірден-бір үміткер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетсек, кеше Австрияның Зеефельд қаласында Қазақстанның шаңғы спортындағы жалғыз үміті Алексей Полторанин допинг қолдануы мүмкін деген күдікке ілінді. Спортшыны байрақты жарыстың басталуына 1,5 сағат қалғанда жергілікті полиция ұстап әкеткен. Тінту шарасы кезінде онымен қоса жалпы, 9 адам тұтқындалған. Қатарында Эстония мен Австрияның шаңғышылары және дәрігері де бар. Алдын ала мәлімет бойынша, Австрия мен Германия полицейлері халықаралық деңгейге шығып кеткен допинг желісінің ізіне түсу үшін спортшыларды тексерген.

«Мемлекеттік орган басшысы ретінде мұндай жағдайларды азайту үшін өзіміздің Ұлттық олимпиадалық комитет атынан талап арыз жазу керек шығар. Жарыс алдында спортшыны мазаламай, жәй ғана сынама алып кеткендері дұрыс. Мүмкін, аяқтан шалғысы келгендер де бар шығар. Себебі, Алексей Полторанин алтын жүлдеге үміткер болған. Оны жарыстан шығарып тастағысы келген шығар», – деді ҚР МСМ Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік СӘПИЕВ.

Полторанин кеше 15 шақырымдық классикалық сайыста бас жүлдеге таласуы тиіс еді. Дегенмен, спортшымыздың жолы болмады. Қазір ол тергеу абақтысында отырған көрінеді. Ал Мәдениет және спорт министрлігі Полторанинге заң аясында қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады. «Халықаралық олимпиада комитеті мен Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігі тарапынан шаңғышымызға ешқандай айып тағылған жоқ. Австрия елінің заңы бойынша кез келген адамды себепсіз 48 сағатқа қамай алады» деді ведомства өкілдері.

«Жарыс алдында барлық допинг бақылаудан өткен болатын. Қазір істің ақ-қарасын анықтау үшін заңгерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Полторанин еліміздің шаңғы спортынан үкілеп отырған алтынға үміткер еді. Жалпы, мұндай келеңсіз оқиға бұған дейін де бірқатар жарыстарда тіркелген. Спортшыларымызды сайыс алдында алып кетіп, допинг дауына араластырды. Бірақ біздің спортшыларымыз тексеріс кезінде таза болып, ақталды. Алексейдің де таза спортшы екеніне сеніміміз мол. Спорт – үлкен бәсеке», – деп пікір білдірді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.