Қазір биатлон, шаңғы жарысы, «фристайл могул», шаңғы қоссайысы сияқты спорт түрінен лицензиялық жарыстардың аяқталуын күтіп отыр
Қазақстан спортшылары Қытай астанасы Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындарына 60-тан астам лицензия ұтып алған. Бұл Пхёнчхандағы көрсеткіштен жоғары. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір биатлон, шаңғы жарысы, «фристайл могул», шаңғы қоссайысы сияқты спорт түрінен лицензиялық жарыстардың аяқталуын күтіп отыр. Қатысуға жолдама алу үшін талас 17 қаңтарда аяқталатынын ескерсек, қазақстандық спортшылардың лицензия саны көбеюі мүмкін.
«Иә, енді екі айдан кейін біздің спортшыларымыз Қытайдың Бейжің қаласында өтетін 2022 жылғы Қысқы олимпиада ойындарына қатысады. Біздің ұлттық құрама толық құрамда дайындалып жатыр. Әзірге спортшыларымыз 8 спорт түрінен 60-тан астам лицензия ұтып алды. Осының алдындағы Пхёнчхан қаласындағы ойындармен салыстырсақ, онда 58 лицензия болған еді», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Бұдан бөлек, брифинг барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері неге қазір жұмыс істемей жүргенін айтты.
«Талдықорғанда өткен республикалық чемпионаттан кейін бүкіл облыстың бас бапкерлерімен отырыс болды. Солармен ақылдаса отырып, Дәурен Бекмахамбетов деген азаматты бас бапкер болуға лайықты деп есептедік. Жалпы, заң бойынша және регламентке сәйкес біздің бұл ұсынымызды Федерация өз атынан Ұлттық Олимпиадалық комитетпен бірге министрліктің Спорт комитетінде ұсыныс ретінде беруі керек», – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.