Биыл жарысқа қатысқан 15 спортшы ақшалай марапатталды
Жылдың ең ауқымды спорттық шарасы Tour of Almaty болашақта Алматы облысындағы туристтік аумақтарды қамтуы мүмкін. Осымен 7 мәрте өткен велобәйге барысында ұйымдастырушылар осылай деп мәлімдеді. 21 команданың басын біріктірген аламан 2 күнге созылды. Қос күннің қорытындысы бойынша Қазақстандық спортшы жеңіс тұғырына көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаздың соңғы күндері Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін мерекеге айналды. Себебі, көптен күткен Tour of Almaty велобәйгесі жалауын желбіретті. 3 жыл қатарынан көп күндік статусын алған жарыстың алғашқы айналымы «Алматы Арена» маңынан басталды.
118 шақырымға созылған жарыстың алғашқы күні тартысқа толы болды. Қатысушылар үшін бұл жарыс жолы ұзақ емес. Тіпті, 1-орын иегерін анықтау үшін фотофиништің көмегіне жүгінуге тура келді. Польшалық Патрик Штох финишке алғашқы болып келсе, Vino - Astana Motors командасы үшін өнер көрсетіп жүрген Матвей Никитин 2-орынды қанжығасына байлады. Ал,үздік үштікті Италиялық Давиде Габуро түйіндеді.
«Бүгінгі жарыс оңай болған жоқ. Десе де, біз командалық жұмысты ойдағыдай атқардық деп ойлаймын. Соның арқасында жеңіске жеттік. Біздің негізгі қарсыласымыз – «Астана» командасы. Жарыс әлі біткен жоқ, ертең барлығы үшін маңызды күн», – деді «Tour Of Almaty-2019» бірінші кезеңінің жеңімпазы Патрик ШТОХ.
Веложарыстың екінші күніндегі сөре «Халық аренада» басталды. 160 шақырымға созылған бұл бағытта қатысушылар «Медеу» мұз айдынында тізгін тартты. Екінші кезеңде Италиялық шабандоз Данило Челано топ жарды. Оның ізін ала екінші болып Николай Черкасов келді, ал үшінші орынға «Астана» шабандозы, қазақстандық Юрий Натаров жайғасты. Дәл осы отандасымыз жалпы есепте көш бастап Tour of Almaty веложарысының жеңімпазы атанды.
«Халықаралық шаралар біздің еліміздің рухани жағын көтереді. Спорттық, мәдениет өміріндегі елеулі және бүкіл дүниежүзіне көрсететін шаралар. Сонымен бірге, осы шаралар көптеген форумдардың, спорттық оқиғалардың тізімінде тұр», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.
Ұйымдастырушылардың айтуынша жыл өткен сайын Tour of Almaty бәсекесі қыза түсуде. Осы орайда веложарыстың географисын кеңету жоспарда бар дейді. Дәстүрлі «Тур оф Алматы» веложарысының биылғы жүлдеқоры да қомақты. Әрбір жеңіс тұғырына көтерілген жүлдегерлерден бөлек, 15 қатысушыға ақшалай марапаттар берілді.
Әмірболат Құсайынұлы, Влад ШИШКО, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы