Алматыда дзюдодан әлем чемпионаты өтеді

25.09.2019 00:15

Чемпионатта Қазақстанның намысын 20 спортшы қорғайды

Қыркүйектің 25-29-ы  аралығында өтетін жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додаға 17 жасқа дейінгі спортшылар 16 түрлі  салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасады. Байрақты бәсекеде әлемнің 61 елінен 500-ге жуық жас татами шебері «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде кім мықтыны анықтайтын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетерлігі, осы чемпионатты өткізуге Қазақстаннан бөлек Моңғолия және Біріккен Араб Әмірлігінің қалалары да үміткер болған. Сайыста Қазақстанның намысын 20 спортшы қорғайды. Олар 15 қыз, 5 ер бала.

«Әлем чемпионатына 61 мемлекеттен 450 спортшы қатысып жатыр. Бұлар болашақта ел намысын қорғайтын жастар ғой.  Келешекте олар аса маңызды құрамаларға кіреді. Алматыда өтіп жатқан жарысты өскелең ұрпақ дзюдоға келсін деп өткізіп отырмыз», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат ЖІТКЕЕВ.