Qulager спорт кешенінде 800-ден астам бала жаттығып жатыр

13.01.2023 19:23

Алматыда өткен жылы үш жаңа заманауи спорт нысаны ашылған еді

Алматыда өткен жылы үш жаңа заманауи спорт нысаны ашылып, ел игілігіне берілді. Мектеп жасындағы балаларға арналған секциялардың бәрі тегін. Жетісу ауданындағы жұмысын бастағанына көп болмаған орталықта қазір ел намысын әлемдік аренада асқақтатып жүрген чемпиондар жаттығып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауданында орналасқан Qulager спорт кешені былтыр оқу жылы қарсаңында ғана жұмысын бастаған. Еңселі ғимарат 7400 шаршы метр аумақты алып жатыр. Қазір мұнда мектеп оқушылары спорттың 10 түрі бойынша жаттығуға мүмкіндік алған.

«Дзюдодан 70 бала, бокстан 60-қа жуық, каратэден 60-қа жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Олимпиадалық резерв болғандықтан, оларды олимпиадаға дайындаймыз», – деді Qulager спорт кешеніндегі №10 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің қызметкері Айдана Түгелбаева

Кешен жұмысын бастағалы жүзу үйірмесіне қызғушылық танытқандар көп болыпты. Бірден 500 оқушы тіркелген. Мұнда балаларды 7 жастан қабылдайды. Тереңдігі 2 метр болатын 6 жолақты бассейн заманауи құрылғымен жабдықталған. Енді үйреніп жүргендерге арналған шағын хауызы бар.

«Мемлекеттен тегін. Балалар алдымен душ қабылдайды. Содан соң жаттығу жасаймыз. Кейін негізгі дайындық жұмысына кірісеміз. Тереңдігі 1.8 метр. Ұзындығы 25 метр. 6 жолақтан тұрады», – деді  Qulager спорт кешеніндегі №10 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Мардан Медеу

Спорт кешенінде әлем чемпиондары да жаттығады. Соның бірі - Әлібек Шәкенов. Ол былтыр тамыз айында Болгарияда жасөсіпірімдер арасында өткен әлемдік жарыстан қола жүлдемен оралды.

«Спортта барлығының арманы бір. Ол – олимпиадада алтын алу. Бұл менің де мақсатым. 2024 жылы Парижде болады. Соған барып 1-орын алу. Дайындық жақсы. Қазір бауырларымызбен бәріміз жаттығу жасап жатырмыз», – деді «WT Таеквондо-2022» әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлібек Шәкенов

«Жастарға мүмкіндік беріп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып отырмыз. Алда келе жатқан Қазақстан деңгейінде болатын чемпионатқа дайындалып жатырмыз. Осындай кең зал бәріміздің мәселемізді шешіп берді», – деді  «WKF Каратэ-2022» әлем чемпионы Әлихан Қадырғали

Мегаполисте бүгінде спорттың түрлі бағытын қамтыған 3699 нысан жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 3 бірдей жаңа кешен жұмысын бастады. Қазір Медеу, Түрксіб, Алатау аудандарында да спорт ғимараты мен теннис орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.  

Қазір Qulager спорт кешенінде 800-ден астам бала жаттығып жатыр. Мақсат – оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді пайдаланып қана қоймай, чемпионатқа дайындау. Болашақта әлемдік аренада ел намысын асқақтатар балалар осы нысаннан шығады деген үміттеміз.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы