Алматыда жаңа спорт кешені ашылды

Онда бассейн мен гимнастика және фитнес пен шығыс жекпе-жектеріне жазылып, тұрақты түрде спортпен айналысуға мүмкіндік бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда Наурыз меркесіне орай жаңа спорт кешені ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұлдыз шағын ауданында орналасқан жаттығу залы бір мезетте 500-ге жуық адамды қамти алады. Онда бассейн мен гимнастика және фитнес пен шығыс жекпе-жектеріне жазылып, тұрақты түрде спортпен айналысуға мүмкіндік бар. Орталықтың ашылғанына бәрінен бұрын жергілікті тұрғындар дән риза.   

«Бұл спорт кешені  балалардың болашағы үшін салынып жатыр. Себебі  спортпен айналысатын балалардың дені сау болады. Олар мемлекеттің болашағы», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.

Айта кетейік, спорт кешенінің бой көтеруіне үлес қосқан жеке кәсіпкер Қайратбек Қамиевтің еңбегі зор. Оның айтуынша, жаттығу залының құрылысы 1 жылға созылған. Шет аудандарда спорттық алаңдар аз болғандықтан, таңдауы Жұлдыз шағын ауданына түсіпті.  

«Осы ауданда балаларға, үлкен кісілерге спорт кешенінің қажет екенін біліп, осында салған едік. Алдағы уақытта мемлекеттік дәрежеде чемпиондар шығады деп ойлаймын», – деді кәсіпкер Қайратбек Қамиев.

Новости партнеров