Биылдан бастап еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мемлекеттің ерекше қолдауына ие болады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
Ал, бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибрайымов болса көпбалалы аналарға қандай қолдау көрсетсек те артық болмайтынын айтып отыр. Өйткені, Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеп отқан аналарымыз нан табумен емес, сол балаларға тәрбие берумен айналысуы керек дейді ол.
«Партияның бұл съезі өте пайдалы болды деп айта аламын. Өйткені, ең өзекті мәселе – аналарға жағдай жасау жайын шешіп алдық. Соңғы уақытта аз қамтылған отбасы және көпбалалы аналардың мәселесі қоғамда көп қозғалып кетті. Бұл заңды да. Әйелдер нан табудың соңында жүрсе, ерлер күні-түні жұмыс істесе, балалардың тәрбиесімен кім айналысады? Болашақта қандай азаматтарды өсіріп шығарамыз? Бұл үлкен мәселе. Оны ертеңге қалдырмай бүгін шешуіміз керек», - дейді даңқты боксшы.