Екінші күн: Шахматтан әлем чемпионатында жерлестеріміздің жетістігі қандай

28.12.2022 00:32

Ерлер арасындағы турнирде норвегиялық Магнус Карлсен көш бастап тұр

Almaty.tv

Алматыда шахматтан өтіп жатқан әлем чемпионатында отандастарымыз жақсы нәтиже көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін ойынның екінші күні. Тартысты бәсеке одан сайын қыза түскен. Бірінші күннің нәтижесінде қазақстандық ойыншы Азамат Өтеғалиев атақты Беларустың гроссмейстері Сергей Жигалконы жеңді. Ал Жандос Ағманов Аркадий Найдичты қапы қалдырды. Ал екінші турда Сұлтанбек Зейнеп мықты шахматистердің қатарындағы Полина Шувалованы шаң қаптырды. Жас ойыншылардың бірі Дінмұхаммед Төлендиев болса халықаралық деңгейдегі шебер Ндери Сарациді жеңді. Еліміздің шахматтан чемпионы Меруерт Камалиденова алғашқы екі турда да жеңіс тұғырынан көрінді.

«Биыл әлем чемпионатына мықты деген ойыншылар жиналғанын ескерсек, онда отандастарымыздың ойынына жақсы деген баға беруге болады. Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырушы ел ретінде чемпионатқа болашағынан зор үміт күттіретін 15 жас ойыншыны қатыстырды. Олар әлемдік деңгейдегі шахматшылардың ойынын көріп, кездескендеріне дән риза. Ертеңгі күні олар осыдан мотивация алса екен. Кейін әлемдік аренада Қазақстанның аты көкке көтерілсін деген тілегіміз бар. Бұл да тәжірибе», – деді Қазақстан шахмат федерациясының жауапты хатшысы Ақжан Шопанов.

Ерлер арасындағы турнирде норвегиялық Магнус Карлсен көш бастап тұр. Қазіргі шахматтан әлем чемпионы бірінші күні-ақ өз беделін растады. Ол мүмкін болатын 5 ұпайдың 4,5 жинады. Көшбасшылар қатарына үндістандық Арджун Эригаиси, Владимир Федосеев және нидерландылық Джорден ван Форест кірді. Жалпы чемпионатқа ерлер арасында халықаралық 149 гроссмейстер, әйелдер арасында халықаралық 14 гроссмейстер және 59 халықаралық шебер қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстанның атынан қатысқандар әлем чемпионатының елде өтуі жеңіске жетелейді дейді.

«Әрине, мұндай әлемдік деңгейдегі турнирдің Алматыда өтуі өте керемет. Қаншама мықты ойыншылар келді. Бұл біздің шахматшылар үшін бір жағынан зор мүмкіндік, үлкен тәжірибе. Елімізде шахмат ойынын кеңінен дәріптеуге осындай шаралар аса қажет. 5 күн ішінде егер жақсы нәтиже көрсетсең, барлық шахматшылармен ойнап көруге болады», – деді гроссмейстер Рустам Хуснутдинов (Қазақстан)

Жалпы бұндай деңгейдегі бәсекеге қатысу үшін спортшының рейтингтегі ұпайы ерлер арасында 2550-ден, ал әйелдер арасында 2250-ден кем болмауы керек. Еске сала кетейік, Қазақстан бұған дейін де шахматтан дүниежүзілік дода өткізген. 2019 жылы командалық әлем чемпионаты елордада өткен. Ал 2013 жылы әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты ұйымдастырылған болатын.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы