V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 10 күн қалды

30.08.2024 00:42

Дүбірлі дода күллі түркі халқының абыройын асыратын мереке іспетті

Almaty.tv

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 10 күн қалды. Дүбірлі додаға қатысушылардың алды бүгін Астанада бас қосып жатыр. Ұлттық құрама бастаған сайыпқырандар жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтау үстінде. Күллі түркі әлемі көз тіккен іс-шара аясында бүгін отандық БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv

«Қазанат» кешеніндегі бұл қарбаластың жөні бөлек. Дүбірлі дода – күллі түркі халқының абыройын асыратын мереке іспетті. Көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық шара. Біздің ел де кезекті сайысты жоғары деңгейде өткізу үшін барын салып жатыр. Ойындар өтетін әр алаңда дайындық қызу.

«Қазір Астанада оқу-жаттығуымыз жалғасып жатыр. Жалпы дайындық жақсы. Мен бұл жарысқа үшінші рет қатысып жатырмын», – деді  Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысушы (Түркістан облысы) Сырым Ізбасаров.

Қатысушылардың жаттығуы 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге  әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Ұлттық құрама сапында 200-ден астам сайыпқыран бақ сынайды. Түркі әлеміне танымал спорттың 21 түрі таңдап алыныпты. Қатарында асық ату, арқан тартыс, теңге ілу, аударыспақ бар. Бес күнге созылатын бәсеке «Астана-Арена» стадионы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұзайдыны сарайында өтеді.

«2800-ге жуық қатысушы келеді. Оның көбі - спортшылар. Одан басқа осы ойынға арнайы шақыртып отырған төрешілеріміз бар.  Олар басқа мемлекеттен келген. Бәрімізге белгілі ойындар үш бағыт бойынша болады: спорт, ғылым, мәдениет», – деді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.

Көшпенділер ойынын тамашалауға көпшіліктің сұранысы да жоғары екен. Бүгінге дейін 10 мыңнан аса билет сатылып кетіпті. Жалпы, халықаралық деңгейдегі іс-шараны өткізуге 5,7 миллиард теңге жұмсалыпты.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Семей полигонының жабылғанына – 33 жыл