Күзде Астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынына тіркеу бүгін аяқталады. Үш мыңға жуық адам дүбірлі додаға қатысуға өтінім берген. Оның ішінде спортшылар, жаттықтырушылар және басқа да адамдар бар. Аталған ойындарды ұйымдастыру дирекциясы ертеңнен бастап келетін қонақтар мен қатысушыларды тіркейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
V дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 54 күн қалды. Ұйымдастырушылар жарыстың негізгі бөлігі этноауылда өтетінін айтты. Он мемлекеттің өнерпаздары сахнада өнерін паш етсе, қолөнершілер бұйымдарын ел назарына ұсынбақ. Жеңімпаз атанғандарға марапат та осында табысталады.
– Этноауыл алаңында бірнеше спорт түрі өтетін болады. Олар – жамбы ату, құсбегілік, аударыспақ, алыптар сайысы. Балаларға арналған алаң бар. ЮНИСЕФ ұйымымен бірге балалармен жұмыс істеуге көңіл бөліп жатыр. Ал басты алаңда Тайқазан орнатылатын болады, – деді V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.
Бәйге, көкпар сынды бірнеше спорт түрінен жарыс этноауылдың қасындағы Қазанат атшабарында өтеді. Қазір мұнда көрермен отыратын орындар саны 3 мыңнан 10 мыңға дейін көбейтіліп, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Этноауыл орналасатын аумақ 10 гектар жерді алып жатыр. 60 киіз үй тігіледі.
Ал «Алау» мұзайдыны сарайында 6 спорт түрінен жарыс өтеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жөндеу жұмыстары тамыздың ортасына дейін аяқталады.
Алаудың ішінде арқан тартыстан бөлек, өзбек пен түркі елдерінің күрес түрлерінен және таяқ тартыс сынды сайыстардан жарыс өтеді. Ал қазақ күресі сияқты белдесулерді Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайынан тамашалай аласыздар.
– «Думан» қонақүйіндегі Парламент конференц-залын алып отырмыз. Ол жерде зияткерлік спорт түрлері өтеді. Атап айтсақ, тоғызқұмалақпен қатар мангала, аварийі сияқты өзге елдің спорт түрлері сол кешенде ұйымдастырылады, – деді V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев.
V дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Дүбірлі додаға қатысуға 100-ге тарта елден өтінім түскен. Байрақты бәсекеге алғаш рет Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия көшпенділері қатысқалы отыр.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жаңарту бағдарламасы: Алматыда 280 азамат жаңа пәтерге қоныстанды