Халықаралық шахмат федерациясының президенті қатысушылардан кешірімін сұрады
Екі отандық спортшының көпшілік алдында сөзге келуі алғаш рет. Бүгін осылай деген Қазақстандық шахмат федерациясы Үндістанда болған мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үндістандық ұйымдастырушылар аэропортта күтіп алмады, судың сапасы нашар, ал ойын залындағы жағдай тіпті төмен». Бұл – қазақстандық спортшылардың Нью-Делидегі шахмат турнирі туралы пікірі. Ал Жансая Әбдімәлік жарысты жалғастырудан бас тартқан. Қазақстан шахмат федерациясы жекелей турнирде спортшыларды додаға қатысуға мәжбүрлей алмайтынын айтты. Тек командалық есепте ғана шахматшының жеке пікірі ескерілмейді екен.
Есте болса, осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желіде қос бетке ұстар шахматшы қыздар арасында дау шыққан еді. Турнирді тастап кеткен әріптесінің әрекетін командаласы Бибісара Асаубаева сынға алып, спортшыға сай қылық танытпады деп айыптаған болатын.
Шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева:
«Шахмат – бұл, әрине, жекелей спорт түрі. Бірақ жеке тұлға болу мен пікірлес болу – екі бөлек нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деген мағынада көргісі келеді. Соңғы сәтте өзі ойлап тапқан себеппен бәрін тас-талқан қылғысы келген бір адамның кесірінен осылай болып отыр. Әрине, жергілікті ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты. Аяқ астынан эмоцияға жол бергендігіне, әріптестеріне, тұтастай алғанда, өмірге деген көзқарасына, кәсібилігіне қатысты. Спортшылар кез келген күтпеген жағдайға беріле салмай, бәріне дайын болуы тиіс».
Халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік:
«Бибісараның маған қарата айтқан сөзіне мән бере бергім келмейді, бірақ осы жолы жауап бермесіме болмады. Үндістандағы турнирдегі келеңсіз жағдай менің ғана емес, Б. Асаубаеваны қоса алғанда, өзге әріптестерімнің де көңілінен шыққан жоқ. Бұл – ұйымдастырушылар тарапынан кеткен қателік. Біз ақылдаса келе, ФИДЕ президенті мен аппарат басшылығына бұған қанағаттанбайтынымызды білдіріп, ұжымдық хат жаздық. Жарысты кейінге қалдыру немесе оны өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадық. Ол хатқа Б. Асаубаеваны қоса алғанда, турнирге қатысушылардың барлығы дерлік қол қойды».
Қазақстан аумағындағы жарыстарға ғана жауаптымыз деген отандық федерация қос тарапты тыңдап, татуластыруға талпынған. Кейін Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде көпшілік алдында кешірім сұрады. Үндістанда өтіп жатқан шараны Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастырған. Анықталғандай, ФИДЕ тарапынан ешкім барып, жарыстың жайын алдын-ала тексермеген екен. Жоғары стандарттарға сай өтуі тиіс жарысты қазір қалған спортшылар жалғастырып жатыр.
«Егер командалық жарыс болатын болса, бақылаймыз. Ол жерге біздің жаттықтырушыларымыз барады. Себебі ол – командалық жарыс. Ал бұл жарыс жекелей жарыс болғандықтан, әрбір спортшының өзінің күнтізбесі бар. Сондықтан, өздері шешеді. Жалпы Нью-Делидегі жарыс ол жекелей күнтізбелік жарыс болып табылады. Сондықтан Қазақстан шахмат федерациясының оған қатысы жоқ. Әрбір спортшы өзі шешеді», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович болса, Үндістан астанасындағы әйелдер Гран-при сайысының дұрыс ұйымдастырылмағанына байланысты қатысушылардан кешірімін сұрады. Бұл жағдайдың мүдделі тараптармен талқыланып жатқандығын мәлімдеді.
Жадыра Омаржан, Салтанат Нұрғалиева, «Алматы» телеарнасы