Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде дау туды

28.01.2022 01:02

Спортшылар жекеменшік гимнастика мектебінің кесірінен спорт залсыз қалдық дейді

Almaty.tv

Спортзал үшін талас. Алматыдағы олимпиада құрамасының мүшелері жаттығатын мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде дау туды. Спортшылар жекеменшік гимнастика мектебінің кесірінен спорт залсыз қалдық дейді. Олардың айтуынша, жеке ұйым мемлекеттік мекеменің залын жалға алып келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Даудың басы көлемі 800 шаршы метр болатын спортзалдан туындаған. Нысан басшылығының сөзінше, залды соңғы төрт жыл бойы жекеменшік көркем гимнастика мектебі жалға алып келіпті. Ал мамандандырылған мектептің өз тәрбиеленушілері спорттық жаттығуларын лайықсыз, жұпыны жерлерде өткізуге мәжбүр екен. Белгілі спортшы Назым Қызайбай осы мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәрбиеленіп, 3 жылдан бері осында жаттығып келеді.

«Алдымызда үлкен спорттық жарыстар күтіп түр. Әлем чемпионаты, Азия ойындары бар. Біз уақытылы дайындалуымыз керек. Ал мына қуықтай залда жүгіру ыңғайсыз әрі мұнда өте салқын. Соның салдарынан бірнеше рет суықтап, ауырып қалдық», - дейді ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, әйелдер арасындағы бокстан екі мәрте әлем чемпионы Назым Қызайбай.

Ал мектеп басшылығы залды сабағын ақылы өткізетін жекеменшік ұйымға неліктен беріп қоюымыз керек деп кейиді. Жалға алу келісімшарты мектептің бұрынғы директорымен жасалған әрі құжаттың күші өткен жылдың қарашасында аяқталыпты. Оның үстіне бұл зал көркем гимнастикамен айналысуға сәйкес келмейді дейді мектеп директоры.

«Олар бұл мәселені бұрыннан бері шешуі керек еді. Осы жерді жалдап отырғанына 4 жыл болды. Неге олар өз ұсыныстарын айтып, тиісті мекемелерге бармады? Неге олар ақылы түрде жаттығып жүр? Қазір жан басына шаққандағы қаржыландыру сияқты бағдарламалар бар. Неге мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебіне бармайды? Оларға дене шынықтыру кешендерінен орын берілді. Соны неге пайдаланбайды? Өйткені олар үшін бұл тиімді емес», - деді мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Сағат Сырлыбаев.

Ал жекеменшік мектеп басшылығы 250 гимнасттың басқа барып жаттығатын жері жоқ дейді.

«Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің жағдайын түсінуге болатынын білемін. Оларға да бұл зал ауадай қажет. Спортшыларды дайындайтын тиісті орны жоқ. Біз де бұл залды тастап кете алмаймыз, ал олардың барып жаттығатын жері жоқ. Сондықтан мәселе ортақ», - деді жекеменшік гимнастика мектебінің басшысы Ольга Шулико.

Десе де, жеке ұйымға балаларды жаттықтыру үшін басқа орындар ұсынылған екен. Алайда ол ғимараттар спорт сабақтарын өткізуге лайық емес дейді ұйым басшысы.

«Бізге Түрксіб ауданында орналасқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде жаттығуға ұсыныс түскен. Бірақ ол жақ алыс болғандықтан балалар бара алмайды. Автобуспен жүреді. Күніне 2 рет жаттығу жасайды. Соңғы дайындық сабақтары кешкі тоғызда аяқталады», - дейді жекеменшік көркем гимнастика мектебінің басшысы Ольга Шулико.

Қалалық спорт басқармасының мәліметінше, Алматыда тегін спорт секцияларымен 44 мыңнан астам бала айналысады. Оның 4 мыңнан көбі көркем гимнастикаға тиесілі.

Назкен Еркін, Аянрафи Нарикбаева, Медет Саматулы, «Алматы» телеарнасы