Жаттығуға келген балдырғандарды кәсіби мамандар даярлайды
Алматыда балаларға арналған тегін спорт алаңдары ашылып жатыр. Бүгінде олардың бірқатарында үйірмелер қолға алынып, өз жұмысын бастап та кетті. Ал жаттығуға келген балдырғандарды кәсіби мамандар даярлайды. Алмалы мен Түрксіб ауданында орналасқан спорт алаңына барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов айтсын.
Бұл Алмалы ауданында орналасқан спорттық алаң. Құрылысы жақында ғана бітіп, қазір пайдалануға берілген. Мұнда самбо, бокс, каратэ және шығыс жекпе-жектеріне арналған бірнеше үйірме бар. Тегін жаттығуға 6 дан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады.
«Өте жақсы бағдарлама деп ойлаймын. Бәріне қолжетімді. Бұл жерде қолында денсаулығы жарамды деген анықтама қағазы болса болды. Осы жерге келіп жаттығу жасаса болады», – деді жаттықтырушы Жасұлан Дәулетқалиев.
Айта кетейік, балалар мұнда күніне 1 жарым сағат дайындалады. Мамандар оларды жаттықтыру үшін халықаралық деңгейдегі спорт шеберлерін шақыртқан.
БЛИЦ:
– Бос уақытымда ағайдың айтқанымен дайындаламын. Мен Қазақстанның чемпионы, батыры болғым келеді.
– Маған каратэ ұнайды. Айналысып жүргеніме жарты жылдай уақыт болды.
Дәл сондай спорттық алаң Түрксіб ауданында да бой көтерді. Мұндағы балалардың қуанышында шек жоқ. Себебі таза ауада жаттығатын орталық ауданда алғаш рет ашылып отыр. Айта кетейік, салынып жатқан осындай алаңдардың барлығы мемлекеттің тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Сонымен қатар, кей кәсіпкерлер де спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әркез қолдау білдіруге дайынбыз, дейді.
«Кәсіби спортшы ретінде бұл жобаға біз де атсалысқымыз келеді. Мұның барлығы біздің балаларымыз үшін. Себебі дені сау халық – мемлекеттің басты жетістігі», – деді кәсіпкер Аладин Мұстафаев.
«Жалпы Бақытжан Әбдірұлының тапсырмасымен Түрксіб ауданында жылдың аяғына дейін 40-қа жуық тегін жаттығу алаңдары осындай жасөспірімдерге ашылатын болады», – деді Түрксіб аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Әлімбетов.
Айта кетейік, қалада жыл басынан бері осындай тегін 10 спорттық алаң ашылған. Олардың көпшілігі қаланың шеткі аудандарында салыныпты. Себебі алыста тұратын жас тұрғындарға да спортпен айналысуға мүмкіндік жасалып жатыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы