Бүгін шорт-трекшілер мұз айдынға шығып, өзара мықтыны анықтады
Алматылық спортшылар V қысқы спартакиада ойындарында әзірге көш бастап тұр. Жерлестеріміз керлинг, сноуборд сынды спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетіп, барлығы 356 ұпаймен бірінші орында тұр. Ал бүгін шорт-трекшілер мұз айдынға шығып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спартакиаданың екінші күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған шорт-трек шеберлерінің арасында өтті. Аталмыш жарысқа 70-тен астам спортшы қатысып, жүлдеге таласуда. Мұз айдынға шыққан қатысушылар әуелі 1 500 метр қашықтыққа жүгіріп, бақ сынап көрді. Соның нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласынан келген шорт-трекшілер жарыс жеңімпазы атанды.
«Осы жарысқа жақсы дайындалдық. Мұны 4 жылда бір болатын Қазақстанның кішігірім олимпиадасы деуге де болады. Бүгін енді 1-орын алдым», – деді жарыс жеңімпазы Санжар Жанысов.
Ал мамандар Қысқы спартакиада спортшылар үшін өздерін көрсетуге үлкен мүмкіндік дейді. Себебі алдағы уақытта жасөспірімдер мен ересектер арасында халықаралық жарыстар өтпек. Бұрын Нұр-Сұлтан, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстары ғана сайыс фавориті болса, бүгінде шорт-трек еліміздің әр өңірінде кең етек жайған.
«Жалпы, шорт-трек спорты дамып келе жатыр. Неге десеңіз, әр облыста кішкентай жасөспірімдердің саны көбеюде. Шорт-тректен бәсекелестік көтеріліп келе жатыр», – деді жарыстың бас төрешісі Азамат Сұлтанәлиев.
Көп ұзамай, спортшылар арасында 5 мың метр қашықтықта топтық эстафеталық жарыстар басталды. Ережеге сай мұз айдынға 3 команда шығып, әр құрамадан 5 спортшы өнер көрсетті.
Айта кетейік, эстафеталық сайыстың алғашқы кезеңінде 1 және 2-орын алған құрамалар ертеңгі жартылай финалға жолдама алады. Ал ақтық кезең 25 желтоқсанға жоспарланып отыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы