Алматыда жасөспірімдер арасында спорттық жарыс өтті

27.02.2024 01:18

Бұл іс-шара Ауған соғысының ардагері, даңқты қолбасшы Қара майор Борис Керімбаевты еске алуға арналған

Almaty.tv

Алматыда жасөспірімдер арасында республикалық көлемде спорттық жарыс ұйымдастырылды. 2 күн өткен додада еліміздің бірнеше өңірінен келген жалпы 270 адам өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар өзара әмбебап жекпе-жектен, яғни, қоян-қолтық ұрыстан, нысанаға пышақ лақтырудан сайысып, жүлделі орындарға таласқан еді. Қорытынды бойынша командалық есепте Алматы қаласы жеңіске жетіп, Алматы облысы екінші, ал Жетісу өңірі үшінші орынға тұрақтады.

Айта кетсек, бұл іс-шара Ауған соғысының ардагері, даңқты қолбасшы Қара майор Борис Керімбаевты еске алуға арналған.

«Бұл жарыстың мақсаты – Қара майордың даңқын асырып, ұрпаққа өнеге ету. Бұл қауымдастықтың съезінде де, басқа уақытта да тыс қалған жоқ. Сондықтан жарыста жеңгендер Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің, Борис Төкенұлы Керімбаевтың медалімен және төсбелгісімен марапатталады», – деді ҚР Әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті Бақытбек Смағұл.