Алматыда алғаш рет Поддубный күрес лигасы өтеді

26.04.2023 23:50

Бұл лигаға әлемнің 10-нан астам мемлекетінен келген балуандар бас қосады

Almaty.tv

Бүгін Алматыда алғаш рет Поддубный күрес лигасы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлемнің үздік спортшыларының басын қосатын іс-шара Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болады. Жарыс алдында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, балуандар дүйім ел алдында көз түйістірді.

Алматыда өтетін Поддубный лигасының төртінші кезеңінде әлемнің 10-нан астам мемлекетінен келген балуандар бас қосады. Кездесулер грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтеді.

«Біз – бас демеушіміз Olimpbet букмекерлік компаниясына үлкен алғысымызды білдіреміз. Мұндай жарыс спортшылардың алға ұмтылуына көп көмегін тигізеді. Бүгінде Қазақстанда бәсекеге қабілетті балуандар жетерлік. Мәселен, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Быков, Валерий Резанцев олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген азаматтар. 2019 жылы Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Бұл да бекер емес», – деді Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили.

Жарыстың басты тартысы екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионы, ресейлік Роман Власов пен Әлем және Азия чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері, қырғызстандық Ақжол Махмұдов арасында болмақ. Ұйымдастырушылар қос спортшының кездесуі Поддубный лигасының бас жекпе-жегі екенін айтады. Ал ауқымды іс-шараның бас серіктесі – Olimpbet букмекерлік компаниясы. Бұған дейін компания Ұлттық күрес федерациясының ұзақ мерзімді серіктесі және Қазақстан құрамасының демеушісі болған.

«Мен үшін сүйікті спорт түрінің бірі еркін күрес дер едім. Бұл лигадан кейін жанкүйерлердің саны айтарлықтай артады деп ойлаймын. Кейін де халық арасында кең сұранысқа ие әрі танымал, қызық спорт түрі бола түседі деп сенемін. Ал сайысқа қатысушылар жақсы ойын көрсетіп, көрермендер ерекше әсер алатындай жоғары деңгейде өтеді деген сеніміміз бар», – деді Оlimpbet БК ТМД бойынша маркетинг жөніндегі директоры Елена Мелешина.

Жалпы, турнирде әлемнің үздік спортшылары қатысатын 20 жекпе-жек өтеді. Поддубный күрес лигасы – әлемнің үздік балуандарының қатысуымен өтетін кәсіби турнир. Әлем спортшыларының басын қосатын шарада рекордтық жүлде қоры да бар.

«Поддубный күрес лигасын бұл елде өткізу біз үшін өте маңызды. Осыған дейін ауқымды іс-шара Қырғызстанда өткен еді. Спортшылардың күресі тиісінше бағалансын десек, онда сапалы дүниелерге ақы төлеп көру керек. Қос мықтының өзара тартысын көрермендер ақылы стриминг каналға жазылу арқылы ғана тамашалай алады. Жалпы бұл лига әлемнің үздіктерін, олимпиада жеңімпаздарын жинап отыр. Алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде өткізу жоспарда бар. Боз кілемде тек кіл мықтылар ғана жеңімпаз атансын!», –дейді Поддубный күрес лигасының атқарушы директоры Юрий Федеров.

Айта кетейік,осыған дейін турнир екі рет Мәскеуде және бір рет Бішкекте өткен. Поддубный күрес лигасы өткен уақыт ішінде додаға мыңға жуық спортшы қатысқан. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Азия және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері де бар.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы