Қазақтың атын әлемге танытқан спорттағы жетістіктеріміз қандай

13.10.2023 20:27

Василий Жиров олимпиадада егеменді елдің алғашқы алтын медалін алды

Фото: sportinfo.kz

Еліміз егемендік алғалы ғаламның дүбірлі додаларынан жүлдесіз қалған емес. Әр жыл сайын жүлдегерлер саны көбейіп қазақтың атын әйгілеп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Василий Жиров олимпиадада егеменді елдің алғашқы алтын медалін алды. Ол тәуелсіздік алған тұста ел мерейін үстем еткен Атланта олимпиадасының чемпионы атанды. Сол жарыстан-ақ Қазақстанның әлемге аты таныла бастады. Ал Австралияда адуын көрсеткен жігіттер бірден 3 алтын, 4 күміс жеңді. Қазақ спорты біртіндеп өзгелермен текетіресетін жағдайға келді. Бокстан қос-қостап жүлде алғанда Куба таңдай қаққан еді. Жұрттың ақшасы аздау, тұрмысы тұралап тұрған сәттерде де салаға көңіл бөлінгені рас. Бүгінде көк ту көтерілсе, әлем қазақтың жеңісі екенін бірден білетін дәрежеге жетті.

– 1990 жылдар  қиын заман болды ғой. Қаржы болған жоқ, бірақ нәтиже болды. Ал қазір құрама командаға арнайы дизайнмен киім тіктіреді. Бокс – ұлттық спорт. Әр ауылда, әр қалада, әр ауданда бокспен айналысатын зал бар, – деді спорт шолушысы Данияр Кәрімжан.  

Аты жаһанға танылған жігіттердің де, қыздардың да есімін тізіп шығу мүмкін емес. Елдің есімін ерекше әспеттеп жүрген спортшылар өте көп. Ал отандас тұғырдан көрініп, Әнұран айтылғанда тақым қысқан қазақтың да бір жасарып қалары даусыз дүние.

– Бірінші орын алып, ту көкке көтерілгенде «мақсатыма жеттім, арманым орындалды» деп бойыңды мақтаныш сезімі билейді, – деді Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алуа Балқыбекова.

Күні кеше қазақстандық балуан Ризабек Айтмұқан еркін күрестен 92 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Ерекше жеңіске қуанған ел бөркін аспанға атты.

Дүниедегі ақылдылар ойнайтын ойынды да қазақ қыздары меңгеріп кетті. Гроосмейстерлер санасатын деңгейге көтерілген спорттың түрі – шахмат. Ал жеңіл атлетикада да қыз-жігіттер көрсеткен көрсеткіштерге көпшілік таңданыспен қарайтыны жасырын емес. 

Ольга Шишигина мен Ольга Рыпакованың есімдері олимпиадалық спортшылардың жетістігін қадағалағандарға белгілі. Грек-рим балуандары  Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Бақтияр Байсейітовтің жеңісі ел есінде.

Ал әлем және құрлық чемпиондарын дайындауды қолға алды. Солардың бірі – жуырда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанған Азат Садықов.

– Ернар Ерінбетовті ерекше атап өтсек болады. Ол 18-19 жасынан бастап әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, додалардан жүлделі қайтып жүрді. Ал қазіргі таңда Милад Карими мен Нариман Құрбанов ұлттық құраманың үздігі деп айта аламын. Олар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеден үмітті спортшылар, – деді спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Ким.

Екі сөзбен бүкіл спорт жайлы мәлімет беру қиын. Бір қуантарлығы 30 жылда саланың кері кетпегені, керісінше келіскені. Ал, спортшы бар да елдің туы көтеріліп, әнұраны талай рет асқақтай беретініне күмән жоқ. Бірақ егемендікке дейін ел мерейін үстем еткендер жайлы әңгіменің жөні бөлек.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы