Алматыда NFС 36 халықаралық турнирі өтті

31.12.2021 01:37

Кеште 28 спортшының қатысуымен 14 кездесу ұйымдастырылды

Almaty.tv

Алматыда NFС-ден 36-шы халықаралық турнирі өтті. Кеште 28 спортшының қатысуымен 14 кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Көрермен күткен басты жекпе-жектер Ильдар Құдайбергенов, Асу Алмабаев және Фаниль Рафиков сынды белгілі файтерлердің қатысумен өтті. Одан бөлек, UFC- де өнер көрсететін Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонова да октагонға шығып, өзбекстандық қарсыласынан басым түсті.  

«Алматы Аренаға» жиналған халық кезекті жекпе-жек кешінің куәсі болды. Бұл жолы октагонға ел атынан 13 спортшы қатысып, басым бөлігі жеңіске жетті. Көрермен асыға күткен кездесу Фаниль Рафиков пен қырғызстандық Қаныбек Жәнібекұлының арасында өтті. Отандасымыз 3 раундқа жоспарланған айқастың 2-кезеңінде техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, Фаниль мансабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізді.

«Ендігі мақсатым – отбасымның қасында демалып, ары қарай келесі жекпе-жекке дайындаламын. Маған қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Алдағы уақытта да қазақстандықтарды жеңісіммен қуантуға бар күшімді саламын», – деді файтер Фаниль Рафиков.

Жанкүйер тағатсыздана күткен тағы бір кездесу Асу Алмабаев пен бразилиялық Кайк Аленкар арасындағы жекпе-жек болды. «Зулфикар» лақап атымен танымал спортшымыз алғашқы минуттардан-ақ қарсыласын жұдырықтың астына алып, қарымта соққылар жасауына мүмкіндік бермеді. Соның нәтижесінде соңғы раундта бразилиялықтан айласын асырып, нокаутқа түсірді.

«Жауапкершілік бағана сезілмеген еді. Рингке шығатын сәтте толқу кез келген спортшыда болады деп ойлаймын. Ал жұрт алдына шыққан кезде халықтың энергиясын, маған артқан үмітін сезіндім шығар», – деді файтер Асу Алмабаев.

Жекпе-жекті тамашалау үшін көк туымызды әлемдік ареналарда көкке көтеріп жүрген Жалғас Жұмағұлов, Шавкат Рахмонов сынды файтерлер де қонақтардың арасында отырды. 7 сағатқа созылған кеш шоуға толы болып, көрерменге ұмытылмастай әсер сыйлағаны сөзсіз.  

«Осы жылы 9 MMA-дан және грэпплингтен кәсіпқой деңгейде эвент, сондай-ақ 4 әуесқой эвент өткіздік», – деді «Naiza Fighting Championship» лигасының президенті Нұрбек Қарабала.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар келесі жылы елімізден бөлек, көршілес мемлекеттерде және Дубай, Стамбул қалаларында осындай турнир өткізуді жоспарлап отыр.


Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы