Гибралтарда өткен турнирге әлемнің ең мықты 12 шахматшысы қатысқан
Шахматтан әйелдер арасында гран-при жеңімпазы атанған Жансая Әбдімәлік елге оралды. Спортшыны әуежайдан күті алуға өзінің жақындары мен достары, қалалық спорт басқармасынан арнайы өкілдер де келген. Жансая бұл жеңісінің арқасында Орта Азиядан шыққан тұңғыш гроссмейстер атағын алды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Бұл жиналып тұрғандардың барлығы спортшының келуін тағатсыздана күтіп тұр. Олардың арасында Жансаяның жақындары мен достары, өзі оқитын оқу ордасынан қатарластары келген. Аз уақыттан соң чемпионның өзі де бой көрсетіп, келушілер әуежайды басына көтеріп, қарсы алды.
«Турнир өте қиын әрі ойындар ұзаққа созылды. Себебі жарысқа әлемнің үздік спортшылары келген. Сондықтан да турнирде жеңіске жеткенім үшін өте қуаныштымын. Маған жанкүйер болғандарыңыз үшін көп рақмет», – деді шахматшы Жансая Әбдімәлік.
Айта кетейік, Гибралтарда өткен турнирге әлемнің ең мықты 12 шахматшысы қатысқан. Алайда Жансая бәрінен басым түсіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осының арқасында ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстер нормасын орындады. Ол мұндай жетістікке қол жеткізген алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орта Азия өкілі болып саналады.
«Туыстардың бәріне рақмет менің қарағымды күтіп келгендеріңе. Біздер сіздер арқылы бақыттымыз. Біз осы қыз арқылы бақыттымыз. Барлық қазақстандық осы қыздың бақытына бөленіп жатыр. Сол үшін сіздерге де денсаулық, бақыт тілеймін. Сіздердің де үйіңізде чемпион бола берсін», – деді Жансаяның атасы Шойынбай Төребек.
Жансаяның ендігі мақсаты шілде айында Сочиде өтетін Әлем чемпионатында топ жару.
Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы