Қытайда өтетін жарыста әлем елдері атынан 700-ге жуық қатысушы бақ сынайды
Ертең Қытайда ХІІІ Қысқы паралимпиада ойындары басталады. Оған Әлем елдері атынан 700-ге жуық қатысушы бақ сынап, спорттың 6 түрінен сынға түседі. Шараның ашылуында Қазақстандық атлеттерді Ербол Хамитов бастап шығады. Қазір аспанасты елінде XXIV Қысқы олимпиада ойындары аяқтала салысымен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 300 мыңнан астам орын жаңартылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық паралимпиадашылар Қытайдағы жаттығу жиындарына қызу кірісіп, дайындықты бастап кетті. Отандастарымыз тек 2 спорт түрінен, яғни шаңғы жарысы мен парабиатлонда ғана бақ сынайды. Ел атынан 5 атлет өнер көрсетеді. Олар: Ербол Хамитов пен Александр Герлиц, Сергей Усольцев пен Юрий Березин және Денис Петренко.
«Мұндағы климаттық жағдай өте салқын әрі желді. Бірақ бізге бұл кедергі емес. Сондықтан барымызды салып, қоржынға олжа салуға тырысамыз. Бізге жанкүйер болыңыздар», - деді пара шаңғыдан ұлттық құрама мүшесі Сергей Усольцев.
Паралимпиада ойындары Қытайдың 3 өңірінде өтеді. Олар: Бейжің, Чжанцзякоу, Яньцине қалалары. Дүбірлі додада тау шаңғысы мен шаңғы жарысы және биатлон мен сноуборд, сондай-ақ шана хоккейі, арбадағы керлинг сынды спорттың 6 түрінен барлығы 78 медаль сарапқа салынады.
«5 наурызда биатлоннан спринттік сайыс өтеді. 6 шақырымдық жарыс жолына Сергей Усольцев пен Ербол Хамитов және Александр Герлиц шығады. Ал шаңғышыларымыз 7 наурызда өнер көрсетеді», - дейді пара шаңғыдан ұлттық құраманың бас бапкері Василий Коломиец.
Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев атлеттерді қолдау мақсатында әлеуметтік желілерде челлендж бастады. Оған белгілі спортшылар мен блогерлер белсене қатысып жатыр.
«Спортшылар паралимпиадаға ұзақ дайындалды. Олардың ішкі рухы мықты болғандықтан жүлдегерлер қатарынан көрінеміз деп сенімді отыр. Ең бастысы, атлеттер бізден жылулық пен қолдау күтеді», - деді ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев.
«Құрметті паралимпиада спортшылары алдағы олимпиада да сіздерге сәттілік және жеңіс тілейміз. Біз сіздерді үлгі тұтамыз. Алға, Қазақстан!», - деді «Қайрат» ФК ойыншысы Еркебұлан Сейдахмет.
«Қысы-жазы демей, сонша дайындалған кезде бәрімізден қолдау күтетіні сөзсіз. Бәріміз бірге ел боп жұмылып, паралимпиада спортшыларын қолдайық», - дейді журналист, блогер Арай Әлімхан.
Айта кетейік, паралимпиада ойындарының ашылуы ертең елорда уақытымен 22.00-де басталады. Салтанатты шарада еліміздің туын пара шаңғы жарысынан әлем кубогінің қола жүлдегері Ербол Хамитов ұстап шығады.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы