Шығыс Қазақстанда республикалық құсбегілер сайысы аяқталды
Шығыс Қазақстанда республикалық құсбегілер сайысы аяқталды. Үш күнге созылған саятшылар сынында 70-тен аса бүркіттің, 40-тан аса сұңқар мен тазының бабы байқалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құсбегілік — қазақтың қанына сіңген көне дәстүр. Сол дәстүрді дамытып, саятшылықты қайта жандандыруға биыл Шығыс Қазақстан облысы айрықша көңіл бөліп отыр. Былтыр өңірде халықаралық деңгейдегі «Салбурын» фестивалі өткен. Ал биыл республикалық құсбегілер сайысы ұйымдастырылды.
– Бабалардан қалған асыл мұраны ШҚО-да жақсы жалғастырып келе жатыр. Облыстың көлемінде 20-дан аса құсбегі бар. Ал Бозанбай ауылының өзінде 10-нан аса құсбегі тұрады, – деді республикалық Құсбегілер федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.
Сайысқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан келген 100-ден аса саятшы қатысты. Ақпанның қарлы боранына қарамастан, бағын сынағандар «бабы келіскен бүркітке ауа райы кедергі емес» дейді.
– Құс қанаты дейміз ғой, құс ұшқан жерде боран-желсіз болмайды. Аспанның серісі ауа райына да қарап жатқан жоқ. Халқымыз жиналып, бүркіттің өнерін тамашалап жатырмыз, – деді бүркітші Тәттімбек Кәпұлы.
Көкте құс патшасы бүркіт қана емес, сұңқар мен ителгі де парлады. Ал жерде жарысқандар қыз-жігіт деп бөлінбей, қызыққа кіріп кеткен. Байқауды бастан-аяқ бақылап, додаға тілеулес болғандардың қатарында қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайып болды. Жуырда Моңғолиядан тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударған қыз өңірге ұлттық мектеп ашуды қолға алған.
– Бозанбай ауылына мектеп ашу жоспарда бар. Саятшылық, сонымен қатар білім екеуі қатар жүреді. Қазақтың салт-дәстүрін ары қарай дәріптеу – мақсатымыз. Садақ ату, ат үйрету, бүркіт салу мектепте үйретіледі, – деді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Демек, өңірде ұлттық спортты ұлықтап, құсбегіліктің құрметін арттыратындардың саны көбеймек. Ал үш күндік жарыста топ жарған Ақтау, Алматы, Павлодар саятшылары елорда төрінде өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынында өнер көрсетеді.
Руслан Мұхамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО-дан
Оқи отырыңыз: Жұлдызды караоке: «Алматы» телеарнасындағы музыкалық жобаның екінші маусымы басталды