|
08.09.2021 | 20:51
990

Алматыда биыл жергілікті бюджеттен спорт секцияларын жаңғыртуға қаражат бөлінді

Қадамдық қолжетімділікте спорт алаңдары салынып, қаланың барлық 8 ауданында арнайы орталықтар ашылды

Алматыда балалар спорт секцияларына тегін қатыса алады. Ол үшін artsport.edu.kz платформасына кіріп, өтініш беруге болады. Биыл алғаш рет спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру тетігі енгізіліп, Алматыда жергілікті бюджет есебінен 500 млн теңге бөлінген. Қадамдық қолжетімділікте спорт алаңдары салынып, қаланың барлық 8 ауданында арнайы орталықтар ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv

Жан басына қаржыландыру тетігі бойынша Алматыда 4 пен 18 жас аралығындағы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорттың 71 түрімен қамту көзделген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Қазір қаржы көлемін 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтып, жыл соңына дейін 40 мыңға жуық баланы тегін спорт секцияларымен қамту жоспарланған.

«Республикалық бірыңғай artsport.edu.kz платформасы жұмыс істейді. Алматыда жеткізушілерден алғашқы өтінім 7 маусымда мақұлданды. Бүгінде олардың өтінім саны 140. Ваучерлер 13 мың 650 балаға беріліп, 11 мың 664 бала спорттың 18 түрі бойынша жаттығуға кірісіп кетті. Қазір ең көп сұранысқа ие секциялар – футбол, тхэквондо, каратэ және жүзу», – деді қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

Бұл спорт секцияларында алматылық мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушылар қысқы және жазғы олимпиадалық спорт түрлерінің барлығымен дерлік тегін айналыса алады. Қажетті ауданда, қажетті үйірмені artsport.edu.kz палтформасында таңдап, өтініш беруге болады. Каратэ жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаев спорт секцияларына сұраныс өте жоғары дейді.

«Міне қазір оқу жылы басталғаннын өзінде адам өте көп. Бұл жалғастырушы топ, кішкентай балалар болғанымен, әр топта 15-20 баладан. Қазір тағы 2 топ ашуға тура келіп тұр. Балалар өте белсенді. Жалпы жекпе-жек бағытында бізде ешқашан адам жетпей қалды, келмей қалды деген сөз жоқ», – деді Каратэ жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаев.

Бұдан бөлек, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 8 мектеп стадионын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, 2-еуі аяқталды. Қалған 6 мектеп стадионы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңына қарай бітіру жоспарланған.

«Биыл жергілікті бюджеттен 33 спорт алаңын жаңғыртуға қаражат бөлінді. Оның аясында футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын, воркаут аймақтар мен жүгіру жолақтарын салу жоспарланған. Бұған қоса, Жайлы қалалық орта басқармасы 17 жаңа корпус құрылысы аясында жаңа спорт алаңдарын салуда. Мектептерді сейсмокүшейту мен күрделі жөндеу аясында 5 футбол алаңы жөнделіп жатыр», – деді Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.   

Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жалпы білім беретін №42 мектепте ашық және жабық алаңдары бар үлкен стадион салынған. Бұл оқушылар үшін дене шынықтыру сабағын өткізіп қана қоймай, қосымша тегін спорт секцияларын ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

«Біздің мектепте тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Оның бәрі мектеп қаражатынан төленеді. Ол футбол, баскетбол, валейбол және дзюдо үйірмесі. Және біздің серіктестеріміз Алматы қаласының әкімдігімен мемлекеттік бағдарламаға сәйкес аз қамтылған көпбалалы отбасылар тізімінен тегін үйірмелер өткізеді», – деді №42жалпы білім беретін мектеп директоры Салтанат Тегімбава.

Бүгінде мектеп жанынан ашылған спорт секцияларына осы мектептің оқушылары ғана емес, жақын маңда тұратын 5-17 жас аралығындағы балалар да қатыса алады. Бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытындағы жұмыстар қала басшылығының тұрақты бақылауында.

Айнұр Қапышова, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир