Алматыда грэпплингтен Almaty Open 2022 турнирі өтіп жатыр. Халықаралық жарысқа елімізден бөлек, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан мен Украинадан барлығы 1100-ден астам спортшы қатысып, бақ сынауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайыстың тағы бір ерекшелігі – «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері де турнирге қатысуға мүмкіндік алып, өнер көрсетуде.
«Мен 2 адаммен шықтым. Біреуі қырғыз, екіншісі қырғыз. Алдағы уақытта тағы да жеңіске жеткім келеді», - дейді жарыс жеңімпазы Айдос Темірхан.
Аталмыш турнир 2 күнге жоспарланған. Бүгін 4 тен 15 жасқа дейінгі балалар жарыс жолына шықса, ертең 18-ге дейінгі және одан жоғары жастағы спортшылар сынға түседі.
«Бұл турнир жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұрады. Ендігі жоспар алдағы уақытта Түркістан қаласында түркі елдері арасында Халықаралық жарыс өткізу. Мұндай шаралардың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамытып, насихаттау», - деді қалалық грэпплингтен AIGA федерациясының президенті Ақмарал Қанатбаева.