Алматы облысында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігі өз мәресіне жетті. 10 күнге созылған чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Командалық есепте Алматы облысы топ жарса, екінші орын Алматы қаласына бұйырды. Үздік үштіктен Нұр-Сұлтан қаласы көрінді.
Шараның басты мақсаты – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау.
«Алматы облысынан келген спортшылар үздік деп танылды. Біз классикалық шахматтан 3 алтын және 7 күміс иелендік», - деді Шахмат федерациясының президенті Саят Егенбердиев.
Республикалық чемпионаттың жабылуына облыстық спорт басқармасы мен федерация өкілдері және халықаралық грссмейстер Жансая Әбдімәлік қатысып, жарыс жеңімпаздарын марапаттады.
«Мен 10 жасқа дейінгі қыздар арасында жарысқа қатысып, сынға түстім. Өзім қалағандай өнер көрсете алмадым. Бірақ мұнымен тоқтамай, дайындығымды күшейтіп, алдағы додаларға қатысамын. Ал жарыс жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын», - деді жас спортшы Дилайла Сәдуақасова.