|
28.03.2022 | 20:57
445

Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді

Боксшы Өзбекстан өкілімен қолғап түйістіріп, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты

Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді стоп-кадр

Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол отандық ұйымдастырушылар өткізген кеште Өзбекстан өкілімен қолғап түйістіріп, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты. Шаршы алаңда барлығы 12 спортшының қатысуымен 6 жекпе-жек өтті. Олардың арасында белгілі боксшы Талғат Шайкен де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

     

Отандасымыз жекпе-жек басталған сәттен-ақ Фаррух Джурраевты ауыр соққының астына алып, қарсыласының қарсы шабуылға көшуіне ешқандай мүмкіндік бермеді. Қамшыбек 10 раундқа жоспарланған айқастың 2-бөлігінде өзбекстандық боксшыны техникалық нокаутпен ұтып, мансабындағы 5-ші жеңісіне қол жеткізді.

Қазір Қамшыбектің спорттағы аяқ алысы жаман емес. Ол соңғы жекпе-жегінен соң әлемдік рейтингте 2 саты жоғарылап, 51-орынға көтерілді.

«Қарсылас жаман емес. Аллаға шүкір. Жеңіс бұйырды. Енді мұнымен тоқтап қалмай, бұдан да мықты қарсыластармен кездесіп, елімді қуантуға бар күш-жігерімді саламын, Құдай қаласа», - деді кәсіпқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

Одан бөлек, жартылай орта салмақта өнер көрсететін Талғат Шайкен де өзбекстандық Мухаммадсалим Сотволдиевтен айласын асырып, өзінің сегізінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз 8 раундтық бәсекеде төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен қарсыласынан басым түсті. 

«Осы жекпе-жекке Лондон қаласында дайындалдым. Бапкерім – Джонс. Сол кісінің арқасында физикалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да дайын болдым. 8 раундта шаршамай, Аллаға шүкір, жақсы ойнап шықтым», - дейді кәсіпқой боксшы Талғат Шайкен.

Боксшыларымыздың ендігі мақсаты – өз салмақтарындағы 4 белбеуді иеленіп, әлемге қазақтың атын шығару.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир