Боксшы Өзбекстан өкілімен қолғап түйістіріп, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты
Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол отандық ұйымдастырушылар өткізген кеште Өзбекстан өкілімен қолғап түйістіріп, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты. Шаршы алаңда барлығы 12 спортшының қатысуымен 6 жекпе-жек өтті. Олардың арасында белгілі боксшы Талғат Шайкен де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отандасымыз жекпе-жек басталған сәттен-ақ Фаррух Джурраевты ауыр соққының астына алып, қарсыласының қарсы шабуылға көшуіне ешқандай мүмкіндік бермеді. Қамшыбек 10 раундқа жоспарланған айқастың 2-бөлігінде өзбекстандық боксшыны техникалық нокаутпен ұтып, мансабындағы 5-ші жеңісіне қол жеткізді.
Қазір Қамшыбектің спорттағы аяқ алысы жаман емес. Ол соңғы жекпе-жегінен соң әлемдік рейтингте 2 саты жоғарылап, 51-орынға көтерілді.
«Қарсылас жаман емес. Аллаға шүкір. Жеңіс бұйырды. Енді мұнымен тоқтап қалмай, бұдан да мықты қарсыластармен кездесіп, елімді қуантуға бар күш-жігерімді саламын, Құдай қаласа», - деді кәсіпқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.
Одан бөлек, жартылай орта салмақта өнер көрсететін Талғат Шайкен де өзбекстандық Мухаммадсалим Сотволдиевтен айласын асырып, өзінің сегізінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз 8 раундтық бәсекеде төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен қарсыласынан басым түсті.
«Осы жекпе-жекке Лондон қаласында дайындалдым. Бапкерім – Джонс. Сол кісінің арқасында физикалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да дайын болдым. 8 раундта шаршамай, Аллаға шүкір, жақсы ойнап шықтым», - дейді кәсіпқой боксшы Талғат Шайкен.
Боксшыларымыздың ендігі мақсаты – өз салмақтарындағы 4 белбеуді иеленіп, әлемге қазақтың атын шығару.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы