«Жетім көрсең жебей жүр». Бүгін Алматыда «Жанұя» балалар үйі тәрбиеленушілерінің арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. «Сағадат батыр» клубы ұйымдастырған шараға джиу-джитсу мен грепплингтен әлем чемпиондары және белгілі спортшылар қатысып, шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарысты жаттығудан бастаған жас спортшылар алдымен асық ойнап, арқан тартысты. Кейін ұйымдастырушылар садақ атудан сайыс өткізіп, ұлттық ойындардың қыр-сырын үйретті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасындағы бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Садақ ату – қазақтың қанында бар ұлттық ойындардың бірі. Бұл спорттық құрылғы адамды мергендікке, шыдамдылыққа тәрбиелеп, сымбатты дене бітімін қалыптастырады.
Шараға белгілі спортшылар мен блогерлер де келді. Олардың арасында аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров бар. Оның айтуынша, ата-анасынсыз қалған балалар спортшы болғысы келсе, бетінен қақпай, керісінше, белін буып қолдау көрсету керек.
«Балалардың көзіндегі қуанышты көрген кезде жүрегің қуанады екен. Өйткені «Жерде бір жетім қуанса, көкте мың періште қуанады» дейді. Сондықтан бүгінгі шараның берері мол. Өйткені бұл балалар талабы мен таланты мол балалар ғой. Біз оларды қоғамнан ерекшелеп, бөлек күйде ұстағаннан ештеңе ұтпаймыз», - деді спортшы Ардақ Назаров.
Шараға джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында 4 дүркін әлем чемпионы атанған Жібек Құлымбетова мен басқа да спортшылар балаларға жекпе-жек түрлерінен шеберлік сағатын өткізіп, әдіс-тәсілдерін бөлісті.
«Алдағы уақытта Almaty Open деген грепплинг AIGA - дан халықаралық жарыс өтеді. Сол жарысқа осы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатаысатын болады. Ол жарыс 5 наурызда өтеді», - деді ұйымдастырушы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұнымен шектелмей, балаларды табиғат аясына апарып, атқа мінгізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы