Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан жарыс 7 ақпанға дейін жалғасады
Бүгін Алматыда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстанның VI спартакиадасы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спорттық додада республикалық маңызы бар 3 қаладан және еліміздің 17 өңірінен келген кіл мықтылар бақ сынайды.
Бүгін - алғашқы күн. Сайыстың салтанатты ашылуы әнұранмен басталып, дәл қазір әр өңірден келген споршылар өзара кіл мықтыны анықтауға кірісіп кетті. Айта кетсек, білектің күші сынға түскен жарысқа 650-ге жуық палуан қатысып жатыр.
«Бүгін грек-рим күресінде 5 салмақ дәрежесінде жүлдегерлер анықталады. Ертең де дәл осылай жеңімпаздар мен жүлдегерлердің аты аталады. Еркін, грек-рим, әйелдер күресінен 30 салмақ дәрежесінде 4 жылда бір рет болатын сайыстың үздіктері белгілі болмақ», – деді ҚР Күрес федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аспандияр Есенжолов.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан жарыс 7 ақпанға дейін жалғасады. Үздік деп танылған палуандар Ұлттық құрамаға алынады. Одан әрі халықаралық деңгейде бақ сынап, Әлем және Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын болады.