|
02.02.2022 | 20:59
1128

Бейжің-2022: Олимпиада алауын роботтар да алып жүреді

Салтанатты рәсімге 14 пен 86 жас аралығындағы 1200 адам қатысуда

Бейжің-2022: Олимпиада алауын роботтар да алып жүреді Фото: 7or.am

Қытайда тарихта алғаш рет Олимпиада алауын адамдардан бөлек, роботтар да алып жүреді. Салтанатты рәсімге қатысушылар Бейжіңнің солтүстігіндегі олимпиадалық саябақтан бастап, әйгілі Ұлы Қытай қорғаны мен Жазғы сарайға дейін барады. Эстафетаға 14 пен 86 жас аралығындағы 1200 адам қатысуда. Ал қазақстандық спортшылар бүгінде жаттығуға кірісіп, дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғаламдық пандемияға байланысты эстафетаның бағыты мен ұзақтығы бірнеше есеге қысқарған. Және коронавирустың алдын алу мақсатында жанкүйерлер шараға қатыса алмайды. Эстафета қатысушылары халық көп тұратын көшелер мен аудандардың сыртын айналып өтпек. Олимпиадаға аттанған спортшыларымыз жарыс алаңындағы дайындықтарын пысықтап, жаттығып жатыр.

«Бүгін трассадағы үшінші жаттығуымызды өткізіп жатырмыз. Жарыс жолы көңілімізден шықты. Тек ауа райы тым суық. Алда іріктеу және финалдық кезең бар. Мұндай додада елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен абырой», – деді фристайл-могулдан Ұлттық құрама мүшесі Аяулым Әміренова.

Қытайда ковидке қарсы сақтық шаралары қатаң бақылауда. Олимпиада ауылындағы әр спортшы күн сайын ПТР-тест тапсырып, тексерілуге мәжбүр. Айта кетейік, атлеттеріміз ертеңнен бастап іріктеу сындарына қатысады. Алғашқылардың бірі болып фристайлшыларымыз өнер көрсетеді.   

«Таудағы жарыстардың іріктеу сындары 3 ақпанда басталады. Финалдық кезең ерлер арасында 5 ақпанда, әйелдер арасында 6 ақпанда өтеді. Бізге жанкүйер болыңыздар! Алға, Қазақстан!» – деді фристайл-могулдан Ұлттық құрама мүшесі дмитрий рейхерд.

Қазақстан олимпиада ойындарында жүлде алғандарға ең жоғары қаржылай сыйақы беретін елдердің қатарында. Алтын медаль иегері 250 мың АҚШ долларын иемденсе, екінші және үшінші орынға жайғасқандар 150 мың мен 75 мың доллар еншілейді. Көршілес Ресей топ жарған спортшысына 51 мың, АҚШ 38 мың доллар шамасында сыйақы бермек. Ал дамыған Норвегия, Ұлыбритания және Жаңа Зеландияда да ондай мүкіндіктер әдеттегідей қарастырылмаған.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир