Еліміздегі жалпы білім беретін 2 мың мектепте спорт зал жоқ – Мектеп спорт федерациясы

15.09.2020 09:05

Ауыл мектептерінің тек 30%-ы спорт залдармен қамтылған

kz.otyrar.kz

Қазақстанда жаттықтырушылар тапшы. Елдімекендер мамандармен тек 50 пайызға қамтылған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Абзал Мыхыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзіне қарағанда, тапшылықты жою үшін тағы 1300 жаттықтырушы қажет.

«Келер жылы орталық мамандары барлық өңірлерге барып, спорттық жаттықтырушылардың біліктілігін арттырмақ. Бұл үшін қазір әдістемелік құрал әзірлеп жатырмыз. Желтоқсан айында шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл оқулықтан жаттықтырушылар кез келген сауалына жауап таба алатын болады», – деді «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК-ның директоры  Абзал Мыхыбаев.

«Мектеп спорт федерациясының» ресми өкілі Әлия Түсіпбекова еліміздегі жалпы білім беретін 2 мың оқу орнында спорттық залдардың жоғын айтады. Сөзінше, білім ошақтарындағы 9 мың спорттық нысан 1991 жылға дейін салынған. Олардың басым бөлігінің жағдайы көңіл көншітпейді.

«Ауыл мектептерінің тек 30%-ы спорт залдармен қамтылған. Бұл ауыл балаларын физикалық, психикалық, рухани жағынан шектеп отыр. Кадр тапшылығын былай қойғанда, дене шынықтыру сабағына қажетті құрал да табылмайды. Ауыл мектептерінде тіпті спорттық доптар атымен жоқ», – деді «Мектеп спорт федерациясы» ЗТБ ресми өкілі Әлия Түсіпбекова.