Алматыда таэквондодан жасөспірімдер арасында республикалық ашық біріншілік өтті

15.06.2022 02:06

700-ге жуық жас спортшы сайысқа түсті

Almaty.tv

Алматыда таэквондо федерациясының 30 жылдығы мен Дихан Ахаевтың 70 жылдығына орай жасөспірімдер арасында республикалық ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Чемпионатқа еліміздің бірқатар өңірінен 30 команда қатысып, 700-ге жуық жас спортшы сайысқа түсті. Шараның ашылуында ұйымдастырушылар таэквондоның дамуына үлес қосқан жандарды марапаттап, шығыс жекпе-жегінің әдіс-тәсілдерін көрсетті.

«Бұл спорттық іс-шарада біздің жастарымыз шынығады. Ертең солардың арасынан еліміздің, Азияның, Халықаралық чемпиондар шығады. Біздің көк байрағымызды үлкен жарыстарда желбіретеді деген сенімдемін», – деді Таэквондо федерациясының президенті Бақтияр Өнербаев.

Ұйымдастырушылар Алматыда таэквондо спортының жақсы дамып келе жатқанын айтады. Шығыс жекпе-жек өнеріне ұлдардан бөлек, қыз балалар арасында да қызығушылық жоғары екен.  

«Нәтижелері жақсы. Көрсеткіштері мықты. Таэквондоны 2 жыл бұрынғымен салыстырғанда үлкен өзгеріс бар», – деді Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Сағат Сырлыбаев.