Алматыда «Қайрат» құрамасына арналған жаңа стадион салынады

Almaty.tv
Almaty.tv
Болжам бойынша ондағы көрермен сыйымдылығы 8 мыңнан 10 мыңға дейін болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Қайрат» құрамасына арналған жаңа стадион салу жоспарлануда. Болжам бойынша ондағы көрермен сыйымдылығы 8 мыңнан 10 мыңға дейін болады. Бұл туралы аталмыш клуб басшысы Қайрат Боранбаев команданың маусым алдындағы таныстырылымында айтты. Және құраманың үйде және қонақта киетін жаңа формаларын да көпшілікке көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Алматылық клуб жаңа маусымға сақадай сай дайын. Шарада құрама өкілдері команда сапына енді ғана қосылған футболшыларды таныстырып, олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Футболшылардың арасында Расул Жалолиддинов, Виктор Васин және Вячеслав Швырев пен Дамир Касабулат, Вадим Уильянов пен Егор Ткаченко бар. «Қайрат» осы жылы академиядан шыққан жастарға еркіндік беріп, сенім артып отыр.

«Мен біздің құраманың алға қойған мақсаттары орындалады деп сенемін. Өздеріңіз көргендей, құрама сапына қосылған ойыншылардың көпшілігі өзіміздің академиядан, яғни жастардан шығып отыр. Қазір елордада өтетін суперкубоктік матчқа қызу дайындалып жатырмыз», - деді «Қайрат» ФК бас бапкері Курбан Бердыев.

Артынша БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті. Ол жерде клуб президенті Қайрат Боранбаев пен жартылай қорғаушы Яцек Гуральски және бас бапкер Курбан Бердыев журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, алдағы жоспарларын бөлісті. Негізгі көтерілген мәселе жаңа стадионның салынуына қатысты болды. Қайрат Боранбаевтың айтуынша, қазір жобаны дайындап, қала әкімдігіне тапсырған және алаңға қатысты мәселе жыл соңына дейін шешілетінін айтты. 

«Қала жаңа стадионға лайық. Бірақ қазір Алматының жоспары сәл басқаша. Біз «Қайратқа» қосалқы алаңды беріп, оның орнына 8-10 мың көрерменге есептелген стадион салып берсек жөн болар еді», - деді «Қайрат» ФК президенті Қайрат Боранбаев.

Айта кетейік, Қайрат құрамасы 2 наурыз күні Қазақстан суперкубогін иемдену үшін «Астана Аренада» Тобылмен ойнайды. Ал 6 наурызда премьер-лиганың алғашқы ойынын өз алаңында Ақтөбеге қарсы өткізеді.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Новости партнеров