|
30.11.2021 | 21:09
840

Елімізде аралас жекпе-жек спортына қызығатын жастар көбейіп келеді

Бір ғана Dar Team клубына осы уақытқа дейін 400-ден астам бала қабылданыпты

Елімізде аралас жекпе-жек спортына қызығатын жастар көбейіп келеді Almaty.tv

Елімізде соңғы жылдары жастар арасында ережесіз жекпе-жек спортына қызығушылық артқан. Бір ғана Dar Team клубына осы уақытқа дейін 400-ден астам бала қабылданыпты. Бұған басты себеп Naiza, Алаш прайд сынды отандық промоушндардың дамуы дейді мамандар. Соның нәтижесінде, Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов сынды танымал файтерлер ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Dar Pro Team – Қазақстанда және көрші елдерде үлкен танымалдылыққа ие жекпе-жек клубы. Құрамада ересектер арасында 60 спортшы дайындалса, соның 20-сы кәсіби түрде айналысады. Олардың қатарында осыған дейін октагонда 14 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов та бар. Ол қазір әлемге танымал UFC промоушнында бразилиялық спортшымен өтетін 3-ші жекпе-жегіне дайындалып жатыр.

«Қарсыласым керемет, өте мықты. UFC-да жай спортшылар болмайды. Соның ішінде ол да 2 жекпе-жекті ұтқан, мен де 2 жекпе-жекте жеңіске жеткенмін. Ол мерзімінен бұрын жеңсе, мен мерзімінен бұрын ұтқан едім. Енді кімнің мықты екені шайқаста белгілі болады», – деді файтер Шавкат Рахмонов.

Аталмыш клуб жақында ғана халықаралық NFC 35 турнирін өткізді. Ел атынан сынға түскен спортшыларымыз сенімді ақтап, басым бөлігі жеңіске жетті. 

«Ендігі жоспар бойынша осы жолы демаламын. Енді қандай турнир болады, Құдай қаласа, соған шығамын», – деді файтер Нұрбек Қабдырахманов.

Айта кетейік, NFC турнирі ұйымдастырылуы жағынан шетелдік промоушндардан кем емес. Кешті тамашалауға келген қонақтардың арасында Елдос Сметов, Ардақ Назаров, Садраддин Ахмедов сынды әлемге танымал спорт майталмандары бар. Олар үзіліс арасында көрермен қауымымен бірге экран арқылы өз өнерлерін көрсетіп ерекше әсер алса, нәзік жандар ұлттық бидің қимылдарын көрсете алады.    

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай турнирлерді елімізден бөлек, Стамбұл, Дубай секілді ірі қалаларда да өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир