Қазақстан құрамасы Бейжің Олимпиадасында бірде-бір медаль жеңе алмады
Қазақстан Қысқы олимпиаданың дайындық шараларына 3,5 млрд теңге жұмсады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюковтың айтуынша, жарысқа қатысу үшін 248 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде 107 миллион Air Astana әуе компаниясының чартерлік рейстерін ұйымдастыруға жұмсалған.
Айта кетері, Қазақстан құрамасы Бейжің Олимпиадасында бірде-бір медаль жеңе алмады. Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев финалға шықты. Бірақ төртінші орынға ие болды.
«Командаларды Олимпиада ойындарына дайындауға 789 миллион теңге кетті. Дайындық жұмыстарына 234 спортшы мен бапкер қатысты. Бір адамға кеткен шығынның орташа көлемі 15 миллион теңге. Мысалы биатлонға - 384 миллион теңге, тау шаңғысына 100 миллион теңге, коньки спортына 400 миллион теңге жұмсалды», - дейді Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.
Ал Елсияр Қанағатов спортшылар жарақат алса, оны емдеу үшін мемлкеттен тікелей ақша бөлінбейтінін айтты. Ол сонымен қатар, Солтүстік өңірлерде шаңғы спортын дамыту тиісті деңгейде емес екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары шаңғы спортының нәтижесі төмендеп кетті. Бұл бағытта бұқаралық спортты дамыту нашар болып тұр. Солтүстік өңірлерде шаңғы спортын дамыту тиісті деңгейде емес. Сондықтан осы Олимпиаданың қорытындысы бойынша шаңғы, биатлоннан нашар нәтиже көрсеттік. Жалпы Бейжіңдегі нәтижемізге дұрыстап сараптама жасап, сабақ алып, алға жылжуымыз керек. Бұл тұрғыда спортты бұқаралық түрде дамытуға екпін қою қажет», - деді Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.