Қазақстанның арқасында жеңіске жеттім. Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина қазақстандық төлқұжатын көрсетіп, осы елде спортшы ретінде қалыптасқанын айтты. Осылайша теннисші бұған дейін өзіне қатысты айтылған алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол 5 жыл бұрын АҚШ-қа оқуға түсуден бас тартып, Қазақстанның атынан өнер көрсету ұсынысын қабылдаған.
Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакинаны қазақстандықтар Нұр-Сұлтан әуежайында қарсы алды. Теннисші өзіне құрмет көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтып, қолтаңба қалдырды. Байрақты бәсекеде елдің абыройын асқақтатып келген спортшы журналистермен кездесіп, барлық сұрақтарға жауап берді. Қазақстан тарихындағы ерекше жеңісті көршілес ел «өздерінің жеңістеріне» теліп, желіде әртүрлі пікірлерді жарыса жазды. Бүгін Елена Рыбакина жетістікке Қазақстанның арқасында қол жеткізгенін айтты.
«Осыдан 5 жыл бұрын менің алдымда одан әрі не істеймін деген сауал тұрды. Теннис ойнауды жалғастырып, кәсіби деңгейге көшу. Екінші таңдау – білім алу. Мені АҚШ-қа оқуға шақырған еді. Сол сәтте Қазақстанның атынан өнер көрсету туралы ұсыныс түсті. Меніңше, өте сәтті ұсыныс болды және уақытылы жасалды. Менің спорттағы жолым Қазақстанмен жалғасып жатқанына қуаныштымын. Осының бәрі Қазақстанның арқасында», – деді Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакина.
Ал Қазақстан Теннис Федерациясының вице Президенті Юрий Польский Рыбакина Ресейде кәсіби деңгейде ойнамағанын және «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңіс-теннисшінің өз күшімен жеткен жетістігі деп атап өтті.
«Ресей теннис федерациясының бұл біздің жұмысымыздың нәтижесі деп не себепті айтқаны түсініксіз. Егер олардың еңбегінің нәтижесі болса, онда неге мықты спортшыны оңай жібере салды. 2018 жылы Шамиль Тарпищевтің өзі Елена Рыбакинаны болашағы бар теннисші деп санамайтынын айтты. Менің ойымша, бұған осы жерден нүкте қою керек», – деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Спортшы ойында алған әсерімен бөлісті. Ол финалда қатты қобалжығанын, соның кесірінен бірінші сетте жақсы нәтиже көрсете алмағынын айтты. Оның үстіне қарсыласы да мықты теннисші екені баршаға аян. Алайда Еленаның бұл жолы бағы мен бабы қатар шапты. Сөйтіп, әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен 2 сағатқа созылған кездесуде жерлесіміз үш сетте 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Теннисші Уимблдон-2022 турнирінің жарыстан алған сыйақының бір бөлігін жануарларды қорғауға бермекші. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны 2-ші дәрежеді «Достық» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!