Дзю-дзюцудан жасөспірімдер мен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарған спортшылар елге оралды
Дзю-дзюцудан жасөспірімдер мен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарған спортшылар елге оралды. Жүлдегерлерді қарсы алу үшін Алматы әуежайына барлық ет жақындары жиналып, қуанышты бірге атап өтті. Себебі 18 елдің елдің арасында өткен Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 2-орын алып, әлемдік аренада мықтылығын дәлелдеді. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.
Бүгін әуежайға жиналған қауым Киевтен келген әлем чемпионатының жүлдегерлерін күтіп алды. Украинада 19 -22 тамыз аралығында өткен байрақты додаға ел атынан 40-қа жуық спортшы қатысса, соның 10-ы алматылық. Нәтижесінде жерлестеріміз 18 алтын, 15 күміс, 8 қола еншілеп жалпы командалық есепте 2 орынға тұрақтады. Ал, жарыс қожайындары көш басына жайғасса, үздік үштіктен Түркия көрінді.
«Жарыс өте жақсы өтті. Қарсыластарымның бәрі жақсы. Қатты қиын болды. Мен бірінші күні клос контакттан 1-орын алдым да, екінші күні комбаттан 2-орын алдым», – деді Дзю-дзюцудан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұртай Оқан.
Одан бөлек ерексектер арасында дзю-дзюцу комбаттан топ жарған алматылық Нұрлан Тілеуімбетті ерекше айтуға болады. Ол өзінің екінші әлем чемпионатында көзге түсіп, турнир фавориті саналған Панама, Украиналық қарсыластарын жеңген. Спортшының ендігі мақсаты Үндістанда өтетін Азия чемпионатында топ жару.
«Бірінші Әлем чемпионатында жолым болмады. Осы жолы, Аллаға шүкір, 1-орын алдым. Енді өте жақсы, тәжірибелі спортышлар келіпті. Әр елден келгендердің үлкені болсын, кішкентайы болсын бәрі мықты. Бірақ қазақтың намысын ақтау керек», – деді әлем чемпионы Нұрлан Тілеуімбет.
Ең мықтылары украиналықтар мен француздар және Гана, Панаманың жігіттері мықты болды. Бапкерлермен бірге спортшылар 40 адамдай болды. 12-13 жас пен 14-15 жас, 16-17 жас және үлкендері», – деді Дзю-дзюцудан қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қанат Тілеуімбетов.
Айта кетейік, дзю-дзюцудан Қазақстан құрамасы соңғы 10 жылда әлемдік рейтингте үздік үштіктен көрініп жүр.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы