Таеквондодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік ондыққа енді

04.08.2022 02:30

Олар 1 алтын, 5 күміс және 11 қола медалды иеленді

Almaty.tv

Нидерландыда Таеквондодан өткен әлем чемпионатында 17 медаль еншілеп, үздік 10 елдің қатарынан көрінген Қазақстан құрамасы елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жас спортшылардың бұл жетістігі бұрын соңды болмаған көрсеткіш дейді бапкерлер. Жарысқа қатысқан алматылық таэквондошылардың барлығы да жүлделі орыннан көрініп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Бүгін таэквондошылар Нидерланды астанасы Амстердамнан Бішкек арқылы Алматыға келді. Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен спортшыларды жергілікті жанкүйерлер мен ата-аналар зор қуанышпен күтіп алды. Әлемнің 30-дан астам елінен 500-ге жуық өкіл қатысқан байрақты додада Қазақстан құрамасы 1 алтын, 5 күміс және 11 қола иемденіп, командалық есепте үздік 10 елдің қатарынан көрінді. Алайда финалға шыққан спортшылардың бесеуі де Аргентина құрамасына есе жіберіпті.    

«Сол қателік  бойынша жиын өткізу жоспарда бар. Келесі жарысқа дайындаламыз. Бұл жарыста фаворит Аргентина құрамасы болды. Ен мықты нәтиже Аргентинада болған», – деді төреші Серік Әбдухамит.

Ал құрама сапынан жалғыз алтынды 15 жастағы Яна Мун еншіледі. Ол 45 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан, Италия спортшыларынан басым түсіп, биік тұғырдан көрінді.  

«Жарыс мен үшін өте ауыр өтті. Соған қарамастан бар күшімді салып, мықтылығымды дәлелдедім. Маған сеніп, соңына дейін қолдау білдіргендерге алғысым шексіз. Енді мұнымен тоқтамай, алдағы бәсекелерге дайындаламын», – деді ITF таеквондодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Яна Мун.

Сондай-ақ ата-аналар бас бапкер Елдос Аманжоловтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Жаттықтырушылардың айтуынша, әлем чемпионатына қатысқандардың әрқайсысы өз қаражатына барыпты.

«Жоғарыда отырған ағаларымыз бар. Солардан сұрау керек? Неге спортшылар өз қаражатына барды? Тіпті, бапкерлеріміз  несие алып, барып келді. Өз спортшыларына сенді», – деді жаттықтырушы Асхат Рамазанов.

Спортшылардың ендігі мақсаты – халықаралық жарыстарда және келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін әлем кубогінде топ жару.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы «Алматы» теларнасы