Еліміздегі мектептердің бірінде 12 жастағы оқушы құрдастары тарапынан болған буллинг салдарынан өзіне қол жұмсап қайтыс болған
Еліміздегі мектептердің бірінде 12 жастағы оқушы құрдастары тарапынан болған буллинг салдарынан өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді. Осыған ұқсас буллинг дерегіне қатысты тағы бір ата-ана шағымданды. № 9 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де жаттықтырушылардың бірі балаларға психологиялық қысым жасайды деп айыпталды. Ал спорт мектебі мұны жала жабу деп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Жанна Мұқатаева есімді ата-ана өзінің 14 жастағы қызына №9 спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың бірі буллинг жасайтынын айтады. Яғни мұғалім баласының талпынысын елемей, тек өзінің «сүйікті» споршыларын көтермелейді дейді. Буллинг – агрессия арқылы адамның өзгені қорлауы, кемсітуі. Мұндай ұғым кез келген салада кездеседі. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізіп жатқанын айтады.
«Мұндай әрекетті 2018 жылы Павлодар қаласына спартакиадаға барған кезде аңғардым. Ол кезде қызым үшінші орынды иеленген еді. Мектептің басшылығы жүлделі орын алған оқушылар Ыстық көлге демалуға жіберілетінін айтқан. Бірақ бас жаттықтырушы қызымды бұл демалыстан шеттетіп, олар мұны баламның баллы жетпейді деп түсіндірді. Бірақ жаттықтырушы бағасы жетпей тұрған басқа 4-5 ұл баланы алып кетті ғой. Басында, шынымен, менің қызымның үлгерімі жетпей тұрған шығар деп ойладым. Бірақ кейіннен олай емес екеніне, жаттықтырушы шынымен балаларды бөліп-жаратынына көзім жетті», – деді ата-ана Жанна Мұқатаева.
Жанна Мұқатаева өзі сияқты тағы бірнеше ата-ана барын, бірақ олар көпшілік алдына шыққысы келмейтінін айтады. Сондықтан да мұндай мәселелер жабулы күйі қалатын көрінеді. Енді ата-ана арнайы тәуелсіз комиссия құрылып, мектепке тексеру жүргізілгенін талап етеді.
«Жаттықтырушы құрама команданың құрамындағы балаларға психологиялық қысым көрсетіп, шантаж жасауы, өзге балалардың көзінше баланы жарысқа аламыз ба, алмаймыз ба деп, оғаш әрекеттер жасауы дұрыс емес. Тіпті, осындай буллингтің әсерінен кей балалар Алматыдан көшіп, спортты басқа қалада жалғастыруға дейін барған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Мәселенің бәрін тек ашықтықпен жеңуге болатынын айтады депутат. Сондықтан мұндай жағдайды көріп, білген ата-ана бірден мектеп басшылығына, жауапты орындарға айтып хабардар етуі керек дейді. Мамандар шағым-хаттарды жинап, тиісті орындарға жолдамақшы. Ал біз аталған мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін спорт мектебінен жауап алып көрдік.
«Мұқатаева ханымның айтып отырған жарысында оның қызы 4-орынды иеленген. Сондықтан бұл шешім бір ғана жаттықтырушының ықпалымен емес, жалпы ұжым болып шешілді. Яғни 4-орын жүлделі орын деп саналмайтын болғандықтан, мектеп ұжымы ең үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға басымдық береді. Ешқандай да біреуді бөліп-жару болған жоқ», – деді №9 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің заңгері Эльмар Гулиев.
Осылай деген мектептегі мамандар ата-ана айтып отқан жаттықтырушы керісінше ең үздік мұғалімдердің бірі екенін айтып ақталды. Сондықтан ата-ананың бұл арызын жала деп санап, тіпті соттасуға әзір екендерін жеткізді.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы