Республикалық жарысқа еліміздің әр өңірінен 14 команда келіп, 140-қа жуық спортшы қатысты
Әуесқой волейболдан әйелдер арасында Алматы қаласының кубогі турнирі өтті. Республикалық жарысқа еліміздің әр өңірінен 14 команда келіп, 140-қа жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда мамандығы басқа болса да, волейболға қызығушылығы зор әйелдер арасында кубоктік турнир өтті. Құрылғанына 3 жыл болған аталмыш федерациясының негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамытып, халықтың волейболмен айналысуына жағдай жасау.
«Мақсатымыз –әуесқой командаларға мүмкіншілік беру. Бізде жылда 2 чемпионат өткізіледі. Чемпионаттың араларында кубок, түрлі турнирлер өткізіледі», – деді ҚР әуесқой волейбол федерациясының президенті Мұрат Мұрашев.
Қазір ойынның ақтық кезеңі алматылық «Плюс» құрамасы мен нұрсұлтандық «Жарас» командасының арасында өтіп жатыр. Әзірге жерлестеріміз айқын басымдықпен алда келеді. Айта кетейік, «Плюс» құрамасында ойнайтын ойыншылардың басым бөлігі кезінде Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен.
Соның нәтижесінде алматылық команда ойынды 2 партиядан асырмай, оңай жеңіске жетті. 2 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жергілікті «Плюс» құрамасы топ жарса, елордадан келген «Жарас» 2-орынға жайғасты. Ал үздік үштіктен Алматы облысы көрінді.
«Қазір бұрынғыдай жиі ойнамаймын. Яғни, үлкен спортта емеспін. Керісінше, кіші спортқа ауыстым. Ал турнир туралы айтар болсам, жоғары деңгейде өтті. Өзімді бір сынап көрдім десем болады», – деді жарыс жеңімпазы Инна Матвеева.
«Қарсыластар мықты болды. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Келесі жылы тағы да кездесеміз деп ойлаймыз. Келесі жылы 1-орынға үміттенеміз», – деді «Жарас» құрамасының ойыншысы Қымбат Аекенова.
Айта кетейік, қатысушылардың көпшілігі кәсіби спортшы емес. Бірі ұстаздық қызмет атқарса, бірі – студент. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның соңында жүлдегерлер марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы