Биылғы әлем чемпионатында соңғы мәрте 32 құрама сынға түседі
Қатар елінде футболдан әлем чемпионаты ресми түрде ашық деп жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салтанатты шара аталған мемлекеттің тарихы мен мәдениетін бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталды әрі жарты сағаттан астам уақытқа созылды.
Бұл чемпионаттың ерекшелігі - алғаш рет жаз мезгілінде емес, күзгі және қысқы уақытта өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ, биылғы әлем чемпионатында соңғы мәрте 32 құрама сынға түседі. Содан кейін доп додасында ол 48 құрамаға ұлғаймақ.
Биыл 22-мәрте өткізілетін доп додасы жөнінде шешім 2010 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында қабылданды. Соңғы турда Қатар – 14, АҚШ 8 дауыс алып, осылайша шағын мемлекет 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын иеленді.
Қатар дүние жүзі жұртшылығына мұнайға бай ел ретінде танылған. Сондықтан олар айтулы аламанға үлкен дайындық жасады. Әдетте, мұнда жаз мезгілінде өте ыстық ауа райы тіркеледі. Әрбір стадионда ауа салқындатқыш желісі іске қосылады. Температураның 27 градустан жоғары болмауы қадағаланады.
Сәлден кейін әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуде Қатар мен Эквадор құрамалары жасыл алаңға шығады
Кездесу барысында итальяндық Даниэле Орсато бас төреші қызметін атқарады.
Дереккөз: ҚазАқпарат