Хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Канаданың Квебек қаласында өткен жарысқа әлемнің 28 елінен хоккейші қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. Канаданың Квебек қаласында өткен жарысқа әлемнің 28 елінен хоккейшілер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрткүл дүниедегі ең маңызды сайыстардың бірі саналатын бұл турнир – клубтық командалар арасындағы әлем чемпионаты болғандығымен ерекше. Pee-Wee чемпионаты көптеген хоккей жұлдыздарының бағын ашты. Мысалы, аты аңызға айналған ойыншылар Брэд Парк, Уэйн Гретцки, Патрик Ройлар осы жерде өнер көрсеткен. Құраманың бас жаттықтырушысының айтуынша, турнирдің ережесі қатал. Бір рет жеңілуге ғана мүмкіндік болған.

«Бұл жарысқа еліміздің жасөспірімдері алғаш рет қатысты. Соған қарамастан біздің жігіттер өте керемет жетістікке қол жеткізді. Команда алматылық бірнеше клубтың және шымкенттік ойыншылардан құралды. Мұндай құрама алғаш рет жасақталып отыр. Сөйтсе де, өте жақсы ұжымдық ойын көрсетті», – деді 2010-2011 жылғы жасөспірімдер құрамасының бас жаттықтырушысы Виктор Шавернев.

Тартысты додада Қазақстан спортшылары бірде-бір ойыннан жеңіліссіз өтті. Оған дейін болған, 4 күнге жалғасқан достық кездесулерде қазақстандық команда барлығын ойсырата жеңіп, тек бір рет қана тең түскен.

«Ең қиын ойын ағылшындармен болды. Менқорғаушымын. Оларды өткізбеуге барынша тырыстық. Жаттықтырушының берген нұсқаулығын мүлтіксіз орындап, оларды жартылай финалда жеңдік. Болашаққа жоспарым көп. Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсеткім келеді», – деді құрама мүшесі Марк Голованов.

«Біздің балаларымыз америкалықтармен ғана тең түсті. Алайда шайбалы хоккейдің алпауыттарынан бәсі жоғары екендерін дәлелдеді. Жергілікті канадалықтар да Қазақстан командасына жанкүйер болды. Олар бізді өте жылы шырай танытып қарсы алды. Бұл - ұлым Альмансұр қатысқан екінші халықаралық дода», – деді жанкүйер Роза Досымбекова.

Айта кетейік, отандасымыз Александр Ким барлық команда арасында турнирдің үздік бомбардирі атанды. Ендігі меже – Францияда өтетін сайыс.

Қайрат Советбекұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы»  телеарнасы

Новости партнеров