Бүгін Алматыда Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы отандық промоутерлік компаниялармен меморандумға отырды. Шараның басты мақсаты – елімізде ММА спортын дамытып жатқан промоутерлік компаниялардың басын бір тудың астына біріктіру, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгін Алматы қаласында Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының және біздің Қазақстанның ішіндегі промоутер топтарымен меморандум құрылды. Меморандумның жалпы мақсаты – біздер осы бір жұдырыққа бүкіл промоутерлік компанияларды жинадық», – деді жауынгерлік өнер ассоциациясының бас директоры Абат Имамбаев.
Промоутерлік компания өкілдерінің айтуынша, әлемдік аренаға шығу жолында қауымдастықтың көмегі көп керек. Яғни, виза алу, сондай-ақ заңнамалық құжаттарды рәсімдеуде болатын қиындықтарды шешуде екіжақты келісімнің берері мол екен.
«Әлем бойынша 5000 промоушнның ішінде ең үздік 30-қа кіреміз. Ендігі мақсат ондыққа кіру. Соған кіру барысында бірталай жұмыстар жоспарланған. Сол жоспарды толыққанды оң жағына шығару үшін, бізде бірқатар жұмыстар белгіленген. Сол жұмыстарға өз септігін тигізетін осы қауымдастықтың өзінің бірқатар мәселелері бар. Меморандумға қол қойып, болашақта үлкен жұмыстар атқарамыз деген сенімдемін», – деді промоутерлік компанияның вице-президенті Дидар Сағадиев.