Қазақстан құрамасы топ жарып, командалық есепте 1-орын алды
Алматыда қыздар және әйелдер арасында тұңғыш рет Джиу-джитсудан халықаралық турнир өтті. Бәсі жоғары додаға еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғыз елінен, Өзбекстаннан барлығы 300-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы топ жарып, командалық есепте 1-орын алды.
«Турнир кәсіби тұрғыда жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Қарсыластарым да жақсы дайындалып келген. Алайда мен өзімнің мықтылығымды дәледеп, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын», – деді жарыс жеңімпазы Малика Сәлімова.
«Өмірімде мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Джиу-джитсуға қатысқаныма бес-ақ ай өтті. Содан өзімді сынап көрдім. Ақырында 1-орын алдым», – деді жарыс жеңімпазы Ақбота Жантілеуова.
Одан бөлек, әйелдер арасында тұңғыш қара белбеу иегері Мөлдір Мекенбаева жас спортшыларға джиу-джитсу түрлерінен шеберлік сағатын өткізіп, алдағы турнирлерде сәттілік тіледі. Ал, ұйымдастырушылар болса, мұндай жарыстар жақын арада тағы да өтетінін айтады.
«Турнирдің арқасында елімізде джиу-джитсу спортымен айналысатын қыздардың көп екенін біліп, қатты қуанып тұрмын. Осындай нәтижеге жеткенімізді мақтанышпен айта аламын. Сондықтан қатысушылардың санын арттыру мақсатында турнир өткізу ойымызда бар», – деді қалалық грэпплинг AIGA федерациясының президенті Ақмарал Қанатбаева.