Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында футбол турнирі өтті

Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында футбол турнирі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында шағын футболдан турнир өтті. Екі жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарыста биыл тек қалалық интернаттың тәрбиеленушілері ғана емес, облыс жастары да бақ сынады. Аладоп бәсекесінде жеңіске жеткен командаға Польшада өтетін додаға жолдама беріледі.

Елдостың бала кезінен футболға деген қызығушылығы жоғары. Бос уақытында достарымен жиналып, доп тебеді. 22 жастағы бозбала былтыр да шағын футболдан өткен жарысқа қатысқан. Ол жастар командасында ойнайды. Осыдан бірнеше ай бұрын олар Польшада өткен халықаралық лигада бағын сынапты.  

«Ол жақта басты қарсылас Ресей, Германия болды. Бәріміз бірге бала кезден қатысып келе жатқан командамыз екінші отбасымыз сияқты болып кетті. Бірге күліп-ойнап, дайындалып, баратын жерімізге бірге баратынымыз ұнайды», – дейді Елдос ӘМІРБЕК.

Қалада өтіп жатқан шағын футбол туринирінде спортшылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Мұнда 18 жастан асқан азаматтар қатысады.

«Біздің өз ортамызда мүгедектерге деген көзқарастың өзгеріп жатқаны қуантады. Интернат үйінде тұратын мүгедектердің спортқа деген қызығушылығы оянып келеді. Олар өткен жылы Польшаға барып, ел көріп қайтты. Биыл да іс-шараға қатысатын адамдар санын көбейту болып тұр», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Биылғы шағын футбол турнирі қатысушылар санының көптігімен ерекшеленеді. Одан бөлек, тек алматылық жастар ғана емес, Алматы облысының спортшылары да сынға түсіп жатыр. 12 команда қатысқан аладоп бәсекесінде жеңіске жеткендер Польшада өтетін спорт додасында еліміздің намысын қорғауға барады.  

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров